Ирактың қауіпсіздік күштері Бабыл провинциясының орталығы Хилла қаласынан оңтүстігінде қол-аяқтары байланып өлтірілген 53 адамның мәйітін тапқандарын хабарлады.
Ресми орындар Хилладағы бақтардан табылған адам мәйіттерінің басы мен кеуделерінен атылған белгілері барын айтады. Полиция "оларды бірер апта бұрын ғана өлтірілуі мүмкін" дейді. Әзірге мәйіттердің кім екендігі және не үшін қырылғаны анықталған жоқ.
Хилла қаласы Бағдадтан оңтүстікке қарай 100 километр қашықтықта орналасқан.
Өздерін сүннитпіз дейтін "Ирак және Шам ислам мемлекеті" радикалды ұйымының содырлары өткен айда Ирактың солтүстігі мен батысын басып алып, "ислам халифатын орнатқандарын" мәлімдеген. Ұйым басып алған Тикрит қаласында әскери әуе күштерінің қатарына жаңадан алынған ирактық 1700 шиит сарбазын қырып тастағаны туралы мәлімдеген.