Accessibility links
Skip to main content
Skip to main Navigation
Skip to Search
Жаңалықтар
Саясат
AzattyqTV
Қаңтар оқиғасы
Адам құқықтары
Әлеумет
Әлем
Арнайы жобалар
Русский
Жазылыңыз
Басқа тілдерде
İздеу
РУС
Live
Live
İздеу
Бұған дейінгі
Келесі
Шұғыл хабар:
ФОТОРЕПОРТАЖ
Апта бейнелері: 7-12 шілде
12 шілде 2014 жыл, 13:57
Азаттық 7-12 шілде аралығында Қазақстанда және әлемде болған кейбір оқиғалар туралы апталық сурет баян ұсынады.
1
Эдуард Шеварднадзенің 7 шілдеде қайтыс болғанын оның баспасөз қызметі
хабарлады
. 1985 жылы КПСС ОК саяси бюросына мүшелікке өтіп, СССР сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған Шеварднадзе Мәскеудің Совет Одағында демократиялық қозғалыстарды басып тастамауында маңызды роль атқарды. Бұл жылдары СССР мен АҚШ қарым-қатынасы оңалды, совет әскері Ауғанстаннан шықты, стратегиялық қаруды азайту туралы бірнеше келісім жасалды. 1990 жылы қызметінен кеткен Эдуард Шеварднадзе Борис Ельцинмен пікірі үйлеспесе де, 1991 жылы РСФСР Жоғары кеңесі ғимаратын қорғаушылардың қатарында болды. Эдуард Шеварднадзе 1995 жылы Грузия президенті болып сайланып, 2000 жылы бұл міндетті екінші рет атқаруға кірісті. Бірақ 2003 жылғы революция кезінде ол отставкаға кетті.
2
АҚШ қорғаныс министрлігі "7 шілде күні Жерорта теңізіндегі арнайы жабдықталған америкалық Cape Ray кемесінде Сириядан шығарылған химиялық қару-жарақты жою жұмыстары басталды" деп
хабарлады
. Министрлік "ауа-райына қарай жою процесі 60 күнге созылуы мүмкін" дейді. Кеме бортында Сириядан шығарылған 600 тоннаға тарта қауіпті химикаттар, оның ішінде иприт пен зарин бар. Залалсыздандырылған химикаттар арнайы контейнерлерге салынады. Пентагон өкілінің мәлімдеуінше, гидролиздеуден шыққан қандай да бір жанама өнім теңізге немесе ауаға жіберілмейді. Сирияның химиялық қару-жарағын жою туралы келісім 2013 жылдың тамыз айында Ресей мен АҚШ-тың қатысуымен жасалды.
Суретте: АҚШ-тың Cape Ray кемесі Италияның Джоя Тауро портында тұр. 1 шілде 2014 жыл.
3
Украина армиясы 8 шілдеге қараған түні Донецк облысының Константиновка
қаласын алды
. 7 шілдеде президент Петр Порошенко сепаратистер басып алған Луганск мен Донецкіні азат ету жөніндегі арнайы операция жоспарын бекіткен. Қазір Донецк пен Луганск қоршауға алынды.
4
8 шілде күні Russian Times сайтына Өзбекстан президентінің үлкен қызының атымен
«хат» жарияланды
. Гүлнара Каримова жазды деген мәтінде Ислам Каримовтің тағы бір қызы – Лола Тилаеваға сын айтылып, автор «заңсыз тінтулердің, бизнесті тартып алу оқиғаларының, салық айла-шарғыларының артында тұр» деп, Өзбекстан президентінің зайыбы Татьяна Каримоваға соқтығады. Ал Ислам Каримов «бір кездері құдіретті басшы болған, бүгінде маңайындағылар «сергелдеңге салған», аңқау да қарт саясаткер» ретінде сипатталған. Кейінгі жылдары әкесінің қаһарына ұшыраған Каримова ықпалы мен бизнесінен айырылған еді. Қазір Каримоваға қатысты екі қылмыстық іс Еуропада тексеріліп жатыр.
Суретте: Гүлнара Каримованың жақында баспасөзге шыққан фотосы.
5
8 шілде күні АҚШ президенті Барак Обама Ауғанстан президенттігіне кандидат Абдулла Абдулланы "ресми органдардың дауыс берудің екінші кезеңінде бұрмалаушылық болған-болмағанын анықтауына мүмкіндік беруге" және "қандай да бір конституцияға қайшы әрекеттер жасамауға"
шақырды
. АҚШ президентінің өзге мемлекеттердің президент сайлауының кандидатымен сөйлесуі - бұрын-соңды болмаған жағдай. Абдулла Ауғанстандағы президент сайлауының алдын-ала нәтижесін мойындамай отыр. Нәтиже бойынша, Ашраф Ғани Абдулладан дауыс саны бойынша озып шыққан. Обаманың баспасөз хатшысы Джош Эрнесттің айтуынша, "Абдулланың жақтастары күш қолданып, я төңкеріс жасаса, АҚШ Ауғанстанға беретін әскери-экономикалық көмегін тоқтатады". Ауғанстан сайлау комиссиясы сайлаудың 14 маусым күні өткен екінші турының алдын-ала нәтижесін 7 шілде күні жариялаған еді.
6
8 шілде күні АҚШ-тың Бостон қаласында Азамат Тәжаяқов ісі бойынша тыңдау басталды. 9 шілде осы сотта қазақстандық тағы бір айыпталушы Диас Қадырбаевтың танысы Баян Күмісқали
жауап берді
. Ол "Бостон марафонында жарылыс жасады" деп айыпталған Джохар Царнаевтың оқ-дәрі салынған рюкзагін жарылыстан соң қашып жүрген Царнаевтың өтінішімен Қадырбаев пен Тәжаяқов пәтерлеріне әкелгенін айтқан. Тәжаяқов Қадырбаевқа "рюкзактан құтылу керек" деген. Қадырбаев келісім беріп, екеуі рюкзакті басқа жаққа апарып тастаған. Тәжаяқов пен Қадырбаевқа "айғақ жасырды" деген айып тағылып отыр. 2013 жылы 15 сәуір күні Бостон марафонындағы жарылыстан үш адамды қаза тауып, 260 адам жараланған. Қадырбаевтың соты қыркүйекте басталады.
Суретте: Азамат Тәжаяқов (оң жақ шетте).
7
8 шілде күні кешқұрым Қызылорда өңіріндегі тұрғындарға аспанда болған жарылыстың дүмпуі естіліп, оның орнында қалған түтін жолағын жұрт «зымыран отыны гептилдің бұлты» деп жорып,
дүрліккен
. Қызылордалықтардың кейбірі аспандағы бұл ерекше жолақтарды телефондарына түсіріп, фото мен видеоларын интернетке жариялады. Дәл сол күні Астана уақытымен сағат 21:58-де Байқоңырдан ғарыштық аппараттар тиеген «Союз-2.1б» ғарыш кемесі ұшырылған еді. Жергілікті сайттар «Қызылорда тұрғындары әуеден сол «Союз» кемесінің аспанға көтерілген кезде шашылып кететін бөлшектерін көрген болуы мүмкін» деп болжайды. Азаттық тілшісі Қызылорда облыстық төтенше жағдай департаментіне хабарласқан кезде телефон тұтқасын көтерген қызметкер тұрғындардың сөздерін жоққа шығарып, ешқандай зымыран құламағанын айтты.
8
9 шілде күні Славянскіде электр қуаты
беріле бастады
. Электр қуаты әуелі қаланың орталық бөлігі мен қалалық әкімдікке, Украина қауіпсіздік қызметінің осындағы бөлімшесі ғимаратына, нан зауыты мен қалалық екі ауруханаға берілген. Донецк облысының жарықсыз қалған барлық елді мекендеріне электр қуаты таяу уақытта берілмек. Украинаның шығыс өңірлерінде үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер соғысып жатыр. Осының кесірінен кейбір елді мекендерде коммуналдық қызметтердің жұмысы тоқтап қалған еді. Славянск, Краматорск сияқты бірнеше қаланы босатқан Украина армиясы қазір сепаратистер қашып барып бекінген екі қала - Донецк пен Луганскіні қоршап тұр.
Суретте: сүт кезегі. Славянск, 9 шілде 2014 жыл.
9
Украинаның қорғаныс министрлігі украиналық ұшқыш Надежда Савченконың Ресейге әкетілгеніне наразылық білдіріп, Мәскеуден оны дереу босатуды
талап етті
. Савченконы өткен айда Украинаның Луганск облысынан ресейшіл сепаратистер ұрлап әкеткен. Ақпараттарға қарағанда, ол қазір Ресейдің Воронеж облысындағы абақтыда отыр. Ұшқыш "ресейлік журналисті өлтірді" деген күдікке ілінген. Савченконың әпкесі 9 шілде күні алғашқы сот отырысы өтетінін хабарлады. Еріктілердің "Айдар" батальоны құрамына кіретін 31 жастағы Надежда Савченконы босату туралы келіссөздерден нәтиже шыққан жоқ. Киев Мәскеуден оны босатып, жауаптыларды жазалап, ұшқышқа Украина консулын жолықтыруды талап етеді.
10
9 шілде күні Алматыдағы "Gulnar Tour" туристік компаниясына қарсы қылмыстық кодекстің 177-бабы 3-бөлімінің "б" тармағы бойынша ("алаяқтық жасау")
қылмыстық іс қозғалды
.4 шілде күні Алматыдан Түркияға туристік сапармен ұша алмай қалған 50-ге жуық азамат "Gulnar Tour"-дың Алматыдағы кеңсесіне жиналған еді. Наразылар сол күні компания үстінен арыз жазған. Компания Түркияға ұша алмай қалған туристерге ақшаларын қайтарып беретінін айтқан. Одан бөлек, 2 шілде күні «Gulnar Tour» компаниясының қызметін пайдаланып, Түркияға барған 130 астам қазақстандық турист елге қайта алмай қалды. Олардың біразының елге қайтуына Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі қарайласты. Прокуратура дерегінше, туристердің ұша алмай қалуынан келген шығын - алдын-ала болжам бойынша 6 миллион теңге.
11
10 шілде күні түрмеде отырған құқық қорғаушы Вадим Курамшин Азаттыққа таксофонмен хабарласып, психиатриялық тексеруден өткенін айтты. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Горный ауылындағы түрмеден (ел аузында - «Жамансопка») Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласындағы түрме-медициналық қалашығына психиатриялық тексеру мақсатында ауыстырылған еді. Оның сөзінше, «Жамансопка» түрмесінде өзіне алдын ала қойылған «паранойя синдромы» диагнозы
расталмаған
.
Вадим Курамшин 2012 жылы желтоқсанында "бопсалаумен айналысты" деген айыппен 12 жылға сотталған. Ол бұл айыпты теріске шығарады. Қазақстандық құқық қорғаушы ұйымдардың кейбірі оны саяси тұтқын деп таныған. 2013 жылы Вадим Курамшин адам құқықтары саласындағы қызметі үшін берілетін Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды.
&nbs
12
Тәжік-қырғыз шекарасында 10-11 шілде күндері
атыс болды.
10 шілде күні Қырғызстандағы Ворух тәжік анклавында қырғыз шекарашылары мен тұрғындар жанжалы болған. Ол қырғыз және тәжік шекарашыларының атысына ұласып, Тәжікстанның бір азаматы қаза тапқан. 6 қарапайым адам, бір тәжік шекарашысы жараланған. 11 шілде күні Ворух анклавы тұрғындары жергілікті биліктен өздерін қорғауды талап етіп, митинг өткізген. Бірақ митинг қырғыз шекарашылары тарапынан оқ атуға ұласып, тағы екі адам жараланған. Душанбе "жанжалға қырғыз тарапы жауапты" дейді. Ал Бішкек "Тәжікстан азаматтары арандатты" дейді. Екі ел вице-премьерлері келіссөздер жүргізіп жатыр.
Суретте: Тәжік-қырғыз шекарасындағы атыстан қолы жараланған Шермат Шарофов ауруханада туыстарымен кездесіп тұр. Тәжікстан, 10 шілде 2014 жыл.
13
10 шілде күні АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден Ресейдің федералдық миграция қызметіне осы елде тұру рұқсатын ұзартуды сұрап,
өтініш түсірді
. Бұл жайында хабарлаған Сноуденнің адвокаты Анатолий Кучерена оның Ресейде тұруға берілген рұқсаты 31 шілде күні аяқталатынын айтты. Бірақ ол Сноуденнің баспананың нақты қандай түрін сұрағанын ашып айтпады. Сноуден өткен жылдың маусым айынан бері Ресейде тұрып келеді. Ол 2013 жылы жазда АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің америкалықтарға, шетел басшыларының электронды байланыстары мен телефондарына тыңшылық жасайтын құпия бағдарламасы бар екенін әшкерелеген. Бұдан соң АҚШ-та Сноуденнің үстінен іс қозғалып, Вашингтон Ресейден оны қайтаруды талап еткен.
Суретте: Эдвард Сноуден "NBC" агенттігіне сұхбат беріп отыр.
14
11 шілде күні Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оппозициялық 16/12 порталының тілшісі, "полицияға бағынбады" деп айыпталған Андрей Цукановты 15 күнге әкімшілік қамауға алуға үкім шығарды. Сот ашық болса да журналистер мен құқық қорғаушыларды кіргізбеді.
Цуканов 7 шілде күні Алматыда пәтерін жалға беретін бір топ тұрғынның наразылық акциясына барғанда "полиция арандатпақ болып, зәбір көрсеткенін" мәлімдеген. Наразылық танытқан бір топ
әйел
мен Цукановты полиция
ұстап әкетіп
, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына апарып, ертеңінде босатқан еді. 10 шілде күні бірнеше адамға айыппұл салынды.
15
12 шілде күні Ресей президентінің Латын Америкасы елдеріне алты күндік сапарына орай, Аргентинада гейлердің
Путинге қарсылық акциясы
өтті. Аргентина - біржынысты некеге рұқсат еткен Латын Америкасындағы алғашқы ел. Аргентинаның мұнысы «гомосексуализмді насихаттауға» тыйым салған Ресей позициясына қайшы келеді. Ресей елшілігі алдында өткен акцияға ондаған гей жиналды. Белсенділер «Путин Ресейде гейлер құқығын жаныштап отыр. Ол бостандық, еркіндік атаулыдан қорқады» дейді. Ресей президенті Владимир Путин Латын Америкасы елдерін алты күн аралайды. Аргентинадан өзге, Кубаға, Бразилияға барады. «Гейлер насихатына» тыйым салған заңды қабылдарда Путин «мұндай насихаттан жастарды қорғау қажеттігін» уәж ретінде айтқан.
Апта бейнелері: 7-12 шілде
Back to top
XS
SM
MD
LG