Мәскеу мэрі Сергей Собянин қаладағы метрополитен жетекшісі Иван Бесединді қызметтен босатып, орнына Дмитрий Пеговты тағайындады. Бұл туралы Собянин бүгін Мәскеу үкіметінің отырысын ашқанда мәлімдеді. Ол Бесединді 22 адамның қазасын себеп болған метродағы апатқа байланысты жұмыстан босатқанын айтты.
«Бұл трагедия соңғы жылдары метрода жасалған үлкен жұмысты шайып кетті» деді мэр. Ол соңғы жылдары Мәскеу метросындағы жолаушылар поезын жаңартып, инфрақұрылымын жақсартуға бөлінген қаржы көлемі бірнеше есе ұлғайтылғанын атап өткен.
Беседин Мәскеу метросы басшылығына 2011 жылы ақпанда тағайындалған. Оған дейін метроны басқарған Дмитрий Гаевтің үстінен 2010 жылы желтоқсанда Бас прокуратура іс қозғап, оны қызметтен босату туралы мәселе қойған еді.
15 шілде күні Мәскеудегі Арбат-Покров метро линиясындағы «Парк Победы» және «Славянский бульвар» бекеттері арасында келе жатқан жолаушылар пойызының бірнеше вагоны жолдан шығып кетіп, тоннель қабырғасына соғылған. Апат салдарынан 23 адам қаза тауып, 270-тен аса адам жараланған. Ресей тергеу комитеті метродағы апатқа «жол бұрушы механизмдегі ақау» себеп болғанын айтып, апатқа байланысты Мәскеу метрополитенінің екі қызметкері ұсталғанын хабарлаған еді.