Accessibility links

Туыстары жазасын өтеушілер "қарнын тілді" деген түрмеге барды


Қазақстандағы түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет).
Қазақстандағы түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет).

Шымкент қаласындағы ИЧ-167/2 колониясынан үрейлі хабар алған ата-аналар шілденің 31-і күні түзету мекемесіне барып, ұлдарын көрсетуді талап еткен. Бұған дейін бұл колонияда «төрт сотталушы режимге қарсылық ретінде қарындарын тілді» деген сыбыс тараған болатын.

Өзінің Ақтөбе облысынан келгенін айтқан Айтолқын есімді әйел бүгін колония бастығы Ғалымжан Махамбетовпен және мекеме дәрігерімен кездескенін айтты. Алайда ол ұлын көре алмаған.

- Мекеме бастығы ұлымның түрменің ішкі ережесін бұзып, карцерге қамалғанын, ол жерден тамыздың 3-і күні шығатынын айтып, 4-і күні кел деді. Өз-өзіне қол жұмсауы туралы сұрағанымда «бәрі жалған, ешкім жарақат алған жоқ» деп дәрігермен де сөйлестірді. Интернетке ақпарат түскеннен кейін сотталушылардың бәрін дәрігерлер тексерген. «4-і күні келем, баламның үсті-басын тексерем, баламыз үшін келдік» дедім, - дейді ол.

Ұлының жағдайын білу үшін келген тағы бір ата-ана да колония басшылығынан дәл сондай жауап алғанын айтады. Енді олар тамыз айының басында ұлдарын көруге бармақшы.

Бұған дейін Шымкент қаласындағы туберкулезге шалдыққан сотталушыларға арналған ИЧ-167/2 түзету мекемесінде төрт сотталушының режимге қарсылық ретінде қарындарын тілгені туралы ақпарат шыққан еді. Сотталушылардың бірінің туысы Азаттық тілшісіне «балаларымыз еш ем алып жатқан жоқ, удай дәрі береді, тамақ бермейді, түрме ішінде ұрып соғады, денсаулықтары жарамаса да жер қаздыртып, жүгіртеді, түрме ішінде өлім көп» деп шағымданған болатын.
Ал мекеме бастығы Ғалымжан Махамбетов «қарнын тілді» деген ақпаратты жоққа шығарған.

«Қылмыстық атқару" кодексінде емдеу мекемесінде сотталушылар жұмыс істемесін деген бап жоқ. Жұмысқа жарамдылары жұмыс істейді. Туберкулезге қатысты дәрілердің күшті екені рас, бірақ оны денсаулық сақтау министрлігі бекіткен. Өздігімізден дәрі шығармаймыз ғой» деп жауап берген Махамбетов.

Сотталушылардың туыстарының айтуынша, бұған дейін ондаған сотталушы бас прокуратураға түрмедегі жағдай туралы шағым жазып, соның ізінше түрме әкімшілігі шағым жазғандарды «жазалай бастаған». Алайда колония бастығы «сотталушыларды жазалау» туралы ақпаратты жоққа шығарып, тек дәрілердің нашарлығына байланысты колонияда тексеру басталғанын айтқан еді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG