БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй Израильді Газа секторындағы қақтығыстарда халықаралық құқық нормаларын "қасақана елемеді" деп айыптады.
Пиллэй мәлімдемесінде "Израильдің бейбіт тұрғындардың үйлеріне, 250 мың адам жан сауғалап отырған БҰҰ-ның ауруханалары мен өкілдіктеріне шабуыл жасағанын" айтты. 30 шілде күні Израиль әскері Джабалидегі босқындар лагеріндегі БҰҰ мектебін бомбалап, 16 адам қаза тапқан еді. Ал АҚШ бұл шабуылды "ақтауға болмайтын, мүлде теріс әрекет" деп атады.
Тель-Авив ХАМАС ұйымын "БҰҰ ғимараттарын қару-жарақ сақтауға және зымырандар атуға пайдаланады" деп айыптайды.
31 шілде күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху үкімет әскерінің "ХАМАС-тың жерасты жолдарын бітім болсын-болмасын толық жояды" деп мәлімдеген.
Палестина билігінің дерегінше, Газа секторында әскери операция басталғалы 1 мың 400-ден астам адам қаза тапқан. Олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар. Израиль қақтығыстарда 56 сарбазы мен үш азаматынан айырылды.