Accessibility links

Украина Қырымды қайтарып алу амалын іздеп жатыр


Қырым тұрғындары Ресей президенті Владимир Путиннің сөзін теледидардан тыңдап тұр. Севастополь, 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырым тұрғындары Ресей президенті Владимир Путиннің сөзін теледидардан тыңдап тұр. Севастополь, 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Мәскеу Қырымды Киевке бермейтінін айтады. Ал Украина билігі мен азаматтық қоғамы Қара теңіздегі бұл түбекті өзіне қаратып алудың стратегиясын ойластыруға кіріскен.

Украинаның шығысында сепаратистермен соғыс жалғасып жатыр, ал Мәскеу мен Киев арасындағы Қырым үшін талас әлі де шешілмеген түйін күйінде тұр.

Ресей Украинаның құрамында болған Қырым түбегін наурыз айында өзіне қосып алған. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де құптаған жоқ.

«ҚЫРЫМ – БІЗДІКІ»

Тамыздың 1-і күні жергілікті телеарнадан сөз сөйлеген Украина президенті Петр Порошенко «Қырымнан ешқашан бас тартпаймыз» деп мәлімдеді.

«Украина өзінің ұлттық мүддесін қорғау жолында мүмкін болған әдістің барлығын пайдаланады» деген ол елдің әділет министрлігіне барлық құқықтық тәсілдерді қолданып, Қырымды қайтарудың жолдарын қарастыруды тапсырған жарлық шығарғанын айтты.

Ресей теңіз әскері күнін Қырымда мерекелеу сәті. Севастополь. Шілде 2014 жыл.
Ресей теңіз әскері күнін Қырымда мерекелеу сәті. Севастополь. Шілде 2014 жыл.

Украина президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Валерий Чалый да: «Киев Қырымның оккупациялануын ешқашан мойындамайды. Қырым Украинаның бір бөлігі болған және солай болып қала береді» деп мәлімдеді.

Бірақ мұның алдында ғана Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та осындай сарындағы мәлімдеме жасап: «Қырым – Ресейдің бір бөлігі. Қырым туралы ешкіммен ешқандай келіссөз болған емес, болмайды да» деген.

Украинаның арнайы мәселелер жөніндегі елшісі Андрей Веселовскийдің айтуынша, Киевке көздегеніне жетуге мүмкіндік беретін заңдық механизмдер бар. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстан 20 жыл өткен соң Рейнландтың Германияға қайтарылуын, 100 жыл Ұлыбританияның иелігінде болған Гонконгтың 1997 жылы Қытайға қайтарылғанын мысалға келтірді.

– Мысал өте көп. Бірақ бұлардың барлығында ең басты шарт – екі тарап та жағдайды арбитраждың көмегімен шешуге келісуі керек. Ал біздің жағдайда Ресей мұндай процеске қатысады деп елестетудің өзі мүмкін емес. Мәселе осында, ал тиісті реттеу механизмдері жеткілікті, - деді ол Азаттық радиосына берген сұхбатында.

«ЖОЛ КАРТАСЫ»

Қырымдық саяси сарапшы Александр Стариша Киев тез арада Стокгольмдегі Халықаралық арбитраж сотына жүгінуі керек деген пікірде.

Қырымдағы украинашыл граффити. (Көрнекі сурет)
Қырымдағы украинашыл граффити. (Көрнекі сурет)

– Аннексиялау кезінде күшінде болған халықаралық келісімдер мен заңдық нормаларды негізге ала отырып, Қырымды реаннексиялаудың жол картасын жасауымыз қажет. Қазірдің өзінде біз Стокгольмдегі сотқа арыздар түсіріп, Қырымдағы Украинаның мемлекеттік меншігін қайтару туралы мәселе көтере беруіміз керек, - деді Стариша.

Бірақ, елдің шығысындағы әскери операция мен астанадағы саяси тұрақсыздық кесірінен Украина бұл шаруаны кешеуілдетіп келеді.

– Үкіметтің қазіргі құрылымы мен оның құрамындағы адамдар осы сәтте күн тәртібінде тұрған шараларды жүзеге асыра алатындай дәрежеде емес. Қызмет орындары бос тұр, ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ дегім келмейді. Қырым оккупацияланған, антитеррорлық операция жүріп жатыр, экономикадағы проблема шаш етектен. Осы мәселелерді шеше алатын атқарушы өкімет құрылуы керек, - деді Украина парламентінің депутаты Андрей Сенченко.

Киевтегі Таяу Шығыс мәселелерін зерттеу орталығының директоры Игорь Семиволостың пікірінше, шығыстағы ресейшіл сепаратистер мен жалдамалы әскерге қарсы операцияға бар күшін жұмсап отырған украин үкіметінің Қырым мәселесімен айналысуға мұршасы жоқ.

– Қырымды қайтару сияқты өте күрделі проблеманы шешу әртүрлі саладағы кешенді әрекетті талап етеді. Шынымды айтсам, Қырымды сот арқылы, яки құқықтық механизмдердің көмегімен қайтарамыз дегенге сенбеймін. Бірақ мұны бәрібір қолға алуымыз керек. Біздің қолымызда барлық аргументтер, барлық сот шешімдері болуы керек. Қырымды ақыр соңында өзімізге қайтару үшін барлық процедуралардан өтуге тиіспіз. Бірақ, меніңше, мұнда күш қолдану, саяси және құқықтық әдістер аралас қолданылуы керек, – дейді сарапшы.

«ГЕОЭКОНОМИКАЛЫҚ АРАЛ»

Ал Black Sea News веб-сайтының редакторы Андрей Клименконың айтуынша, Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистердің жеңіліске ұшырауы Қырымды қайтаруға үлкен мүмкіндік туғызады.

Қырымдағы туристер сиреп қалған жағажайлар. 25 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырымдағы туристер сиреп қалған жағажайлар. 25 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Путиннің Донбасты Азовпен жалғайтын құрлықтағы көпір салу жоспары жүзеге аспай қалғаны олар үшін үлкен жеңіліс болды. Бұл Қырымды салыстырмалы түрде тез қайтаруға негіз болады. Қырым құрлықтан бөлініп қалды, қазіргі бар коммуникация құралдарын пайдалану арқылы олардың қажетін орындап отыру өте қиын, - дейді Клименко.

Black Sea News сайты халықаралық құқық нормаларын бұзу арқылы Қырымға келіп-кетіп жатқан кемелер мен ұшақтарды бақылап отырады. Бұл ақпарат халықаралық заңдарды бұзған компанияларға санкция салуда пайдаланылады.

Ресейлік саяси сарапшы Станислав Белковскийдің айтуынша, Украина алыс болашақты көбірек ойлауы керек.

– Путиннің Қырымды ешқашан қайтармасы бесенеден белгілі. Ол билікте тұрғанда бұл туралы ойлаудың өзі қисынсыз. Тіпті Владимир Путин биліктен кеткен күннің өзінде Ресей халқы жерін беріп қойып қарап отырғысы жоқ. Сондықтан біз Қырымды Украинаның бір бөлігі ретінде қайтаруды емес, оған тәуелсіз мемлекет мәртебесін алып беруді көбірек қарастыруымыз керек, - деді Белковский.

Оның айтуынша, Украина қырымдықтардың көбін өздеріне қызықтырып тартып алатындай жағдай жасағанда ғана мұндай стратегиялар нәтижелі болмақ.

Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG