Желтоқсанның 29 ы күні парламент мәжілісінің пленарлық мәжілісінде депутаттар президент Назарбаевтың атына үндеу жолдап, Конституцияға өзгеріс енгізуді қолдауын сұрады. Ал Алматыда Халық билігі саяси блогы балама референдум өткізуді ұсынды. Алматы әкімі Ахметжан Есімовке талаппен келген Алатау ауданының тұрғындары әкімдік ғимараты алдында жасанды «Жаңа жыл шыршасын» өздеріне бірқатар ресми органдар берген сырғытпа жауаптармен безендіріп қойды. Мәскеудегі Астана қорының белсенді мүшесі Жарқын Қоңырбайқызы Азаттық радиосына берген сұқбатында Жаңа жылдық тілегімен қатар Ресейде тұрып жатқан қазақтар мен олардың өсіп келе жатқан ұрпақтары арасында ұлттық сана сезім мен салт дәстүрді жоғалтпау жолында жасап жатқан ұшан-теңіз жұмыстары жайында әңгімелеп, қаламынан туған жыр жолдарын да Азаттық тыңдармандарына арнап оқып берді.