Қазақстандық бірқатар мамандар мен дәрігерлер медицина саласында жемқорлықтың белең алып отырғанын айтады. Олар медициналық құрылғыларға бөлінген қаражат орнымен жұмсалмағанын айта келе, баспасөз жиынында емделушілер мен дәрігерлердің арасында қалыптасып отырған қарым-қатынастың күн санап нашарлап бара жатқанын мәлімдеді. «Интелектуалды жекеменшік» бюросының вице-президенті Нина Савицкая медицина саласындағы жемқорлық денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев тұсында қатты белең алғанын айтады. Оның айтуынша, көптеген медициналық құрылғыларға мемлекет уақытында ақша бөлгенімен, сатып алынбаған. Ол алынған құрылғылар өз бағасынан бірнеше қымбатқа алынған деді. Сонымен қатар Нина Савицкая медициналық мекемелердің атқарып отырған жұмысын жоғары дәрежеде көрсету үшін ауруханда қайтыс болған адамдардың аты-жөнін сауығып шыққан адамдар қатарына қосып жазғанын жеткізді. «Здоровая Азия» халықаралық қоғамдық қорының президенті Плохих Нагима ауруларға сапалы ем көрсетілмегендіктен медицина саласында жемқорлыққа жол беріліп отыр деді. Оның айтуынша, жоғары сапалы медициналық көмек көрсететін дәрігерлер аз болғандықтан кейбір адамдар пара беріп емделгенді жөн санайды. Ол көптеген мәселелер тек қағаз жүзінде ғана шешілетіні айтады. «Аман саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова дәрігерлер тәжірибе алмасу үшін шетелге оқуға жіберілгенімен онда үйренген салаларын дәрігерлердің Қазақстанда толық қолдануға мүмкінідігі жоқ деді. Оның айтуынша, егер дәрігерлер шетел тәжірибесі көрсеткен медициналық көмекті емделушілерге көрсетер болса, медициналық көмектің сапасы жақсарар еді.