"Қазақтар - әлемде" айдарында сіздер бүгін әлемнің әр түкпірінен Алматының түбіндегі "Наурыз" аулына көшіп келіп қоныстанған қазақ отбасыларының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігімен танысасыздар. Ресми түрде «Наурыз» бау-бақша серіктестігі деп аталатын аумаққа 2006 жылдан бері 500-ге жуық отбасы қоныс тепкен. Тұрғындардың айтуынша Наурыз ауылында көбінесе Қарақалпақстан мен Монғолиядан көшіп келген оралмандар қоныстанған. . Бірен-саран ғана жергілікті қазақтар бар дейді олар. Бұл аумақ «бау-бақша серіктестігі» деп аталғандықтан тұрғын үйлерге техникалық құжат жасалынбайды. Сондықтан да оларда тұрғылықты жерлерін растайтын тіркеу құжаттары да жоқ. Ауыл тұрғындарының айтуынша, әр отбасынан 61 мың теңгеден жинап, электр желісін өздері тартқан. Наурыз ауылы «бау-бақша серіктестігі» деп аталғандықтан су тек жазда ғана келеді. Ал қыс бойы тұрғындар суды Қарғалының орталығынан жаяу тасиды. Наурыз бен Қарғалының арасы – үш шақырым. Келесі сұхбаттасымыз ауыз су мәселесін қалай шешіп жүргендерін әңгімеледі. Ол қаладан көшіп, ауылда үй салған екен. Ауылдың іргесінде жаңа типпен салынған үш қабатты мектеп бар екен. Бірақ Наурыз ауылының оқушыларына бұл мектептің есігі жабық. Себебі ол – дарынды балаларға арналған. Бесінші сыныптан бастап қана қабылдайды.