Бүгінгі хабарымыз қазақтың бес арысының бірі - Шәкерім Құдайбердіұлы туралы болмақ. Шәкерімнің қазасына байланысты жазушы Бейбіт Сапаралы бір дерек ұсынса, ғалым Мекемтас Мырзахметов Шәкерімнің шығармашылығынан әңгіме қозғайды. Қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, тарихшы Шәкерім Құдайбердіұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, (Шыңғыстау бөктеріндегі)Қарауыл ауылында 1858 жылы шілде айында дүниеге келген. Шәкерім ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының немере інісі болып келеді. Шәкерім қажының қазасы туралы жазушы Бейбіт Сапаралының берген деректері бойынша, ол осыдан сексен жыл бұрын 1931 жылы 2 қазанда атылған. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов бүгінгі күні Шәкерімнің фәлсапалық лирикасына терең бойлаған адамдар жоқ дейді. Шәкерім Абайдың жан дүниесін түсіне білген, жұмбағын шеше білген ойшыл шәкірті болған деп сөзін бастады Мекемтас Мырзахметов.