Қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик, техника ғылымдарының докторы, Совет Одағы, шет ел ордендері мен медальдарының иегері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толады. Ол 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Мерекеге орай Алматыда Қазақстан Журналистика академиясының академигі Валерий Айтмұқашұлының редакциялауымен Дінмұхаммед Қонаевтың ұрпақтары дайындаған фотоальбомның тұсаукесері болды. Онда Қонаев әулетінің шежіресінен бастап, ширек ғасыр елді басқарып, ғұмыры Қазақстан тарихымен тығыз байланысқан тұлғаның өмір жолы толық қамтылған. Альбом Қонаев өміріндегі маңызды кезеңдерге сай бөлімдерден құралған. Әр бөлім шағын өмірбаян анықтамасымен басталады. Фотоальбом 500 данамен шығарылған. «Альбомның соңғы бөлімі көп жәйттен хабардар етеді. Онда Қонаев тұрған пәтерде түскен отбасылық мұрағаттағы сирек суреттер, қайраткердің марапаттары мен шетел мемлекет басшыларының берген сыйлықтары, оның жинаған қару-жарақ, оттықтар коллекциясы жинақталған», - дейді Д.А.Қонаевтың немере інісі Дияр Қонаев. Дінмұхамет Қонаев 100 ден аса ірі еңбектердің авторы. Өзінің өткен өмір жолын «Өтті дәурен осылай» деп аталатын естелік-эссесінде баяндап берді. Соңынан «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп өзгерген еңбегінде Теміртау тарихы, Семей полигоны, Арал мәселесі, Желтоқсан оқиғасына өз көзқарасын, сондай-ақ, тілге, дінге, ділге қатысты көкейтесті мәселелердің жауабын алға тартады. Сара Қонаева ағасының отбасында қандай адам болғанын айтты. Профессор Болат Ахметқалиев Дінмұхамед Қонаевты көп жыл бойы танығанын айтты, ол 100 жылдық мерей тойды жақсылып өткізуге тырысу керек дейді.