Жақында Моңғолияға еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Базылхан БҰҚАТҰЛЫ сексенге қараған жасында дүниеден озды. Моңғолияның Баян-өлгий аймағында тұрған көрнекті ғалым, Моңғолия ғылым академиясының бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты, қазақ түркологиясы мен диалектология ғылымына өзіндік үлес қосқан алтайтанушы. Базылхан Бұқатұлы 1932 жылы 9 мамыр күні Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Цэнгэл ауылындағы Қақкөл деген жерде туған. 1960 жылы Моңғолия ұлттық университетінің филология факультетін үздік тәмамдаған. 1961 жылы Ұланбатыр қаласындағы Қазақ радиосының редакторы және дикторы, 1961-1991 жылдар аралығында Моңғолия ғылым академиясы Әдебиет және тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер болды. Осы жолғы қазақтар әлемде айдарында, Базылхан Бұқатұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі жайында ой тербемекпіз.