Астанада тамыз айының соңынан бастап қоғамдық көлікте жолақы қымбаттайтын болды деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Әкімдіктің ақпаратына қарағанда, бүгін қалалық мәслихат депутаттары кезектен тыс сессиясында жолақы бағасын қымбаттату мәселесін талқылаған. Депутаттар қаладағы маршруттық қоғамдық көліктерде үлкендерге жолақы құнын 60 теңгеден 90 теңгеге, балалар үшін 40 теңгеге қымбаттату туралы ұсынысты қолдаған.
Қалалық жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Рашид Аманжоловтың айтуынша, Астанада жолақы құны 2008 жылдың қыркүйегінен бері өзгермеген және ол баға жолаушылар тасымалына кететін шығынды жаппайды және саланың дамуына септеспейді.
Оның сөзінше, қалада 50 маршрутты қамтитын 8 компания қызмет көрсетеді. Оларда күнделікті 734 автобус жолға шығады.
Астанада жолақы құнын қымбаттату туралы ұсыныс биыл көктемнен бері айтыла бастаған еді.