Accessibility links

Донецкіде бір тәулікте 11 адам қаза тапты


Донецкіден 50 километр қашықтықтағы бомбадан паналайтын орында тұрып жатқан тұрғындар. Украина, 14 тамыз 2014 жыл.
Донецкіден 50 километр қашықтықтағы бомбадан паналайтын орында тұрып жатқан тұрғындар. Украина, 14 тамыз 2014 жыл.

Украинаның шығысында армияның ресейшіл сепаратистерге қарсы операциясы аясында Донецк, Луганск, Горловка, Первомайск, Шахтерск, Торез, Попасная, Красный Луч және Иловайск қалаларында ұрыс жалғасып жатыр.

Донецкіде өткен тәулікте атқылау салдарынан 11 бейбіт тұрғын қаза тауып, сегізі жараланды деп хабарлайды қалалық кеңестің ресми веб-сайты.

"Ақпараттық қарсыласу" тобының жетекшісі Дмитрий Тымчуктың Facebook-тегі парақшасында хабарлауынша, сепаратистер Ресейден көмек алатын стратегиялық тасжолдарды бақылауға алу үшін кескілескен шайқас жүріп жатыр. Ол жолдардың бірі - Знаменка - Луганск - Изварино тас жолы. Украина-Ресей шекарасындағы "Изварино" өткізу бекеті сепаратистердің бақылауында.

Украин әскерилері Луганск маңында сепаратистердің бекіністерін жойып, Донецк қаласымен жалғайтын көлік жолын бақылауына алған. Тымчуктың жазуына қарағанда, сепаратистер Ресей шекарасына қарай шегіне бастаған. Оның пікірінше, сепаратистер кейін бұл жерден, қажет болған жағдайда, Ресей жағына өтіп кетуі ықтимал.

15 тамызға қараған түні украин әскерінің Березовой, Ильинка, Полтинадағы бекіністері атқыланған. Адам шығыны туралы әзірге ақпарат жоқ.

XS
SM
MD
LG