Accessibility links

Алматыда АИ-92 бензинін табу мұң болды


Алматыда АИ-92 бензині тапшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00
Жүктеп алу

ВИДЕО: АИ-92 бензині тапшы. Алматы, 18 тамыз 2014 жыл.

Қаладағы жанармай құю бекеттерінде, әсіресе ресейлік бензин сатушыларда тапшылық сезіле бастады. Азаттық мұның себебін ресми өкілдер мен сарапшылардан сұрап білуге тырысты.

Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Ерлан Омаров өткен аптадан бері АИ-92 маркалы бензин тапшы болып кеткенін айтып уайымдайды.

«Таңертең жұмысқа асығып келе жатқандықтан бензин алуға уақыт болмайды. Кешке жұмыстан кейін жанармай станциясына барсаң, «бензин бітіп қалды» деп тұрады. Негізінен көлігіме АИ-92 маркалы бензин құятын едім. Қазір амалсыз бір күні АИ-80, екінші күні АИ-96 маркалы бензин құюға тура кеп тұр. Әзірге осылайша амалдап жүрмін» дейді ол.

Ерлан Омаров бұрын көлігіне белгілі бір компанияның ғана бензинін құйса, қазір жанармай табылғанына тәуба дейтінін айтады.

«ТАЛОНМЕН САТУ»

Алматы қаласындағы және қала маңындағы ауылдардағы жанармай бекеттерінен АИ-92 маркалы бензин табу оңай емес екеніне Азаттық тілшісінің де көзі жетті.

АИ-92 маркалы бензин жоқ екені жайлы мәлімет. Алматы, 18 шілде 2014 жыл.
АИ-92 маркалы бензин жоқ екені жайлы мәлімет. Алматы, 18 шілде 2014 жыл.

Қаладағы Сүйінбай көшесінің бойында орналасқан Royal Petrol компаниясына қарасты бекет қызметкерлері бензиннің тек талон арқылы ғана берілетінін, өйткені жеткізіліп жатқан өнім шектеулі екенін айтты. Ал Helios компаниясына тиесілі жанармай құю бекетінің бірнешеуіне екі күн қатарынан барған тілші АИ-92 маркалы бензинді таба алмады.

Алматының маңындағы Өтеген батыр кентінде (Іле ауданы) орналасқан «Газпромнефть» компаниясына қарасты жанармай бекеті қызметкерлері «АИ-92 маркалы бензиннің күніне 7 тоннадан артық сатылмайтынын, бірақ үстіне азын-аулақ ақша қосса, карта арқылы құйып беруге болатынын» жеткізді. (Ресейлік компанияның АИ-92 маркалы бензинді шектеп сатып отырғаны туралы Азаттық бұған дейін де жазған еді).

АИ-92 маркалы бензиннің неге қат болғанын білгісі келген Азаттық тілшісі бұл компаниялардан жауап ала алмады.

Бұл істің мән-жайын түсіндіруді сұрап мұнай және газ министрлігіне жазған хатымызға да жауап келмеді. Министрліктің баспасөз жетекшісі Аяулы Нұрғалиева «министрдің жауап бермей жатқанын» хабарлады.

«САНКЦИЯНЫҢ ӘСЕРІ ЖОҚ»

Экономист Асқар Сырғабеков егістіктегі жиын-терім науқаны басталатын күз мезгілі тақаған сәтте бензин тапшылығының сезілуі қалыпты үрдіс деп сипаттайды. Ол «бензин тапшылығының сезілуі – Ресейге салынған санкцияның әсері» деген болжам естіген.

Қаланың орталық көшелерінің бірінде орналасқан жанар-жағармай бекеті. Алматы, 17 маусым 2014 жыл.
Қаланың орталық көшелерінің бірінде орналасқан жанар-жағармай бекеті. Алматы, 17 маусым 2014 жыл.

«Шындығында, ол – өтірік. Керісінше Қазақстанға Ресейдің жанармайы түрлі жолдармен – заңды-заңсыз жолдармен келіп жатыр» деді экономист.

Қазақстанның мұнай және газ министрлігі 2013 жылы мамырда Ресейден келетін мұнай өнімдеріне шектеу қойып, бірақ бірақ сол жылдың қараша айында ол тыйымды алып тастаған еді. Министрліктегі мұнай өнімдерін өндіру департаментінің директоры Қуандық Сағындықұлы Азаттық тілшісіне мұның себебін: «Бензин артық болғанда, біз нарығымызды қорғадық, тауарбастылық қаупі болмаған жағдайда шектеуді алдық. Бұл Ресеймен жасалған екі жақты келісіммен қаралған» деп мәлімдеген.

Асқар Сырғабековтің ойынша, «бензин тапшылығына себеп – Қазақстанда өндірілетін жанармайдың негізгі бөлігінің келісімшарт негізінде сыртқа тасымалданатыны».

«Себебі сыртқа тасымалданатын бензиннің бағасы іштегі сатылу құнынан қымбат. Сол себепті де өндірушілер өзімізді қамтамасыз етуге талпынбайды. Және мұның бәрі белгілі бір адамдар тарапынан ұйымдастырылады» дейді ол.

Қазақстанда аракідік байқалатын бензин тапшылығын үкімет пен «ҚазМұнайГаз» компаниясы бұған дейін ірі жанар-жағар май сатушыларының бағаны өсіру үшін өзара келісіп жасаған айла-шарғылары деп түсіндіріп келген еді.

Жанармай құйып тұрған көлік. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.
Жанармай құйып тұрған көлік. Алматы, 28 наурыз 2014 жыл.

Мұнай және газ министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда 2014 жылғы қаңтар-маусым айларында 1 миллион 486 мың тонна бензин өндірілген, бұл 2013 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 17,4 пайыз артық. Осы кезең арасында елде 2 миллион 377 мың тонна дизель отыны өндірілген.

Алматыда қазір сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің бағасы – 115 теңге. Ал АИ-96 маркалы бензин – 145, АИ-80 маркалы бензин – 89 теңге, дизель отыны – 115 теңге.

Қазақстанда бензин тапшылығы сезіле бастаған тұста Қырғызстанда да жанармай қымбаттады. Мұнай өнімдерін тасымалдаушылар кәсіподағының директоры Ұлан Құловтың Азаттыққа айтуынша, халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің бағасы ол елде 44 сом 40 тиын болып белгіленген. Ал елдің оңтүстігінде бензиннің осы маркасының бағасы 46 сом 80 тиынға жеткен.

Қырғыз сарапшылары жанармай бағасының қымбаттауына Ресейдегі Ачинск мұнай өңдеу зауытында болған жарылыс, Қазақстанның Ресейден Қырғызстанға жөнелтілген 500-ге жуық вагонды шекарадан өткізбей тұруы, елде бензинге салынған акциздік салықтың көбеюі себеп болды деп санайды.

XS
SM
MD
LG