Accessibility links

La Republica: Путин "Киевті екі аптада алатынын" айтқан


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин "бұйрық берілген жағдайда Ресей әскері Киевті екі аптада басып алатынын" Еуропа Одағына (ЕО) ескертті деп хабарлады италиялық La Republica газеті.

Басылымның жазуынша, Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозумен телефонмен сөйлескенде Владимир Путин: "Қаласам, Киевті екі аптада басып аламын" деген. Путин мұны ЕО-ның Украинадағы саясатына байланысты Ресейге қосымша санкциялар салуы мүмкін деген ақпаратқа жауап ретінде айтқан деп жазады газет.

Бірақ Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков бүгін журналистерге Путиннің сөзі "контекстен үзіп алынып, мүлдем басқа мағынада қолданылғанын" хабарлады.

Киев пен Батыс елдері Мәскеуді Украинаның шығысына әскер жіберіп, ресейшіл сепаратистерді қарумен қамтамасыз етіп отыр деп айыптайды. Бірақ Ресей билігі бұл айыптауларды жоққа шығарады.

30 тамызда Брюссельде өткен ЕО саммитінде бұл одақ басшылары егер Мәскеу Украинадан әскерін әкетпесе санкцияларды күшейтуге келіскен.

XS
SM
MD
LG