Парламент мәжілісі пленарлық отырысында алғашқы оқылымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Мәжілісте заң жобасын таныстырған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, құжатта үкімет пен орталық мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жайы қарастырылған. Орталық мемлекеттік органдар арасындағы функцияларды айқындау бойынша энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағасын белгілеу функциясы беріледі. Ал денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен және жергілікті атқарушы органдардан әділет министрлігіне сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамаларын жүргізу функциялары беріледі.
Бұдан өзге, орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға да өкілеттіктер беру көзделген. Құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару саласында жергілікті билік органдарына сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиялау, аттестаттау және бақылау, жер ресурстарын басқару функциялары берілмек.
Бұлармен қоса, заң жобасында бірқатар өкілеттіктерді облыстық деңгейден аудандық деңгейге беру қаралады. Облыс аумағында спорт ғимараттарын салу мәселелерін үйлестіру, шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру мектептеріне тасымалдау тәртібін анықтау функциялары аудандық деңгейге беріледі.