Бүгін Ресейдің Ростов облысындағы Волгодонск қаласында осыдан 15 жыл бұрын болған теракт құрбандарын еске алу шаралары өтеді.
1999 жылы 16 қыркүйек күні таңертең ерте қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жанында автокөлікке орнатылған жарылғыш зат іске қосылып, салдарынан 19 адам қаза тауып, 130-дан аса адам жараланған еді. Жарылыс екпіні көпқабатты үйдің екі секциясын құлатып, 42 тұрғын үй, екі аурухана, емхана, мектеп және балабақшасы бар тұтас шағын ауданды тұтас басып өтті. Бұл терактіден 15 мыңға жуық адам әртүрлі дәрежеде зардап шекті.
Қайғылы оқиғадан кейін қалыптасқан дәстүр бойынша, жарылыс құлатқан тұрғын үйдің орнына тұрғызылған сквердегі ескерткіш белгіге бүгін адамдар гүл шоқтарын қойып, шырақ жағады. Әдеттегідей, ең алдымен бұл жерге терактіден соң іле-шала бірінші болып барғандар – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері келеді. Одан соң марқұмдардың рухына дұға бағыштап, қаралы жиын өтеді.
1999 жылы қыркүйекте Ресейде қатарынан бірнеше теракт болған еді. Волгодонскіден өзге Буйнакск және Мәскеуде тұрғын үйлерде жарылыстар болды. Бұлардың барлығынан жалпы саны 300-ден аса адам мерт болған.
Ресми тергеу бұл терактілерді Хаттаб және Әбу Омар есімді шешен бүлікшілерінің жетекшілері ұйымдастырған деген байлам жасаған. Кейін екеуі де Шешенстан жерінде қаза тапқан.