Accessibility links

«Бота» қоры қызметін аяқтайды


"Бота" қоғамдық қорының белгісі. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.
"Бота" қоғамдық қорының белгісі. Алматы, 25 қыркүйек 2012 жыл.

2008 жылы құрылған «Бота» қоғамдық қоры биылғы жылдың соңына дейін барлық қаражатын жұмсап бітіріп, өз қызметін тоқтататынын хабарлады.

Қор жұмысын бастаған 2009 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстанда 208 мың балалар, жастар мен аналарға көмек көрсеткен. Осы мерзім ішінде білім гранттарына, мұқтаж отбасыларға жәрдемақы ретінде және қоғамдық ұйымдарға 12 миллиардтан аса теңге бөлінген.

«Қордың ең үлкен бағдарламасы – Келісілген ақшалай жәрдемақылар бағдарламасы өз жұмысының соңына, яғни 2014 жылдың қыркүйегінің аяғына дейін еліміздің ең кедей деп танылған алты облысында тұратын 95 мың мұқтаж отбасындағы 150 мыңнан аса адамға 9 миллиардқа жуық теңге бөлді» делінген қордың баспасөз баянында.

Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтері бірігіп құрған «Бота» қоғамдық қорының бастапқы қаржысы – кезінде «Қазақгейт» ісіне байланысты Швейцария банктерінде анықталған, шығу тегі бұлыңғыр 84 миллион АҚШ доллары болатын. «Қазақгейт» ісіне байланысты АҚШ үкіметінің ұсынысымен Швейцария банктері күмәнді ақша жатқан есепшотты құлыптап тастаған еді. 2007 жылы үш мемлекет қол қойған келісімнің нәтижесінде «Бота» қоғамдық қоры құрылып, жемқорлықтан түскен ақшаны қайырылымдылыққа жұмсау туралы шешім қабылданған.

XS
SM
MD
LG