Accessibility links

Компартияны қайта құру туралы айтылды


Компартия мүшелері Владимир Косяченко мен Мадел Исмаилов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 24 қыркүйек 2014 жыл.
Компартия мүшелері Владимир Косяченко мен Мадел Исмаилов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 24 қыркүйек 2014 жыл.

Оппозициялық коммунистік партия «жастар биліктің қысымынан қорқып мүше болмайды» деп шағынады. Жетекшілікке қарсы бірнеше коммунист ұйымды «әлеуметтік әділдік партиясы» етіп қайта құруға шақырады.

Қазақстанның «көппартиялы саяси жүйесінде» бар екені негізінен сайлау кезінде көрінетін партиялардың науқаннан тыс уақытта қоғам назарын аударуы сирек болатын оқиға. Осы аптада өзін советтік компартияның ізбасары санайтын Қазақстан коммунистік партиясының бірнеше мүшесі партияның «ауруға шалдыққанын бұдан әрі жасыруға болмайтынын» мәлімдеді.

Азаматтық белсенді Алпамыс Бектұрғанов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы , 23 қыркүйек 2014 жыл.
Азаматтық белсенді Алпамыс Бектұрғанов баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы , 23 қыркүйек 2014 жыл.

Қыркүйектің 23-і күні компартия мүшесі, қоғамдық белсенді Алпамыс Бектұрғанов Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «өзін партия мүшелігінен сырттай шығарып тастаған компартия басшылығы әркімнің ықпалында қалғанын» айтқан еді. Оның сөзінше, компартия басшылығынан Ғазиз Алдамжаров уақытша кеткелі партия жұмысы тоқтаған.

Ал қыркүйектің 24-інде іле-шала баспасөз мәслихатын өткізген компартия мүшелері Владимир Косяченко мен Мәдел Исмаилов партияның «ауруға шалдыққанына 3-4 жыл болғанын, бірақ оны ашық айтудың сәті енді түскенін» мәлімдеді. Олар екі күн қатарынан компартия мүшелерінің баспасөз өткізуін «жай сәйкестік» деп түсіндірді.

- Біз партияны құлатуды көздемейміз. Ол өзі де құлап қалған, - деді Владимир Косяченко.

Кезінде «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-ожданына нұқсан келтірді» деген айыппен сотталған азаматтық белсенді, коммунист Мәдел Исмаилов – Қазақстандағы жұмысшылар қозғалысын құрушылардың бірі. Ол басында «аудандық комитеттеріне дейін болған» компартияның Алматы облыстық комитетінің бүкіл мүшесі 20 шақты адамнан аспай қалғанын айтып күйзелді.

Қазақстан коммунистік партиясы төрағасының міндетін уақытша атқарушы Төлеубек Махыжанов «қаржы болмағандықтан партия белсенділігі төмендегенін» мойындайды. Кеңсесі Алматыда орналасқан ол басқаратын партияның қазір бір ғана облыстық филиалы (Оралда – ред.) бар.

- Компартия мүшелері бұрын 84 мың еді. Қазіргі саны туралы мәліметтерді орталық аппараттағы ұйымдастыру бөлімінің бастығы Владимир Косяченко біледі. Ал Алпамыс Бектұрғанов жарғыға сай келмейтін әрекеттері үшін партиядан бюро шешімімен шығарылды,-деді ол Азаттыққа.

Махыжановтың сөзінше, партия тіркелгелі бері «заңға қайшы келетін», «елдегі жағдайды тұрақсыздандыратын» ешқандай шара өткізбеген.

- Соған қарамастан компартияға келгісі келетін жастарға билік қысым жасайды, - дейді ол.

Қазақстан коммунистік партиясының алғашқы төрағасы, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Азаттыққа компартия туралы түрлі пікірлердің болуы заңдылық екенін, одан партия құламайтынын айтады.

- Бұл партия – советтік коммунистердің ұстанымындағы партия емес. Әуел бастан-ақ демократиялық жолмен халық мүддесін қорғайтын партия болады дегенбіз, - дейді ол.

Елдегі ресми түрде тіркелген жалғыз оппозициялық саяси ұйым болып қалған Коммунистік партияның болашағын күтпеген жерден баспасөз мәслихатын өткізген Мәдел Исмаилов пен Владимир Косяченко басқаша елестетеді. Олар компартия басшылығының кадрлық құрамын түгел өзгерту керек, не болмаса партия өзін-өзі таратып, оның орнына «әлеуметтік әділдік партиясын» құру қажет деп санайды.

Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин. Алматы, 9 мамыр 2014 жыл.
Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин. Алматы, 9 мамыр 2014 жыл.

1996 жылы құрылып, соңғы мәрте, 2003 жылы қайта тіркеуден өткен коммунистік партияға бұрынғы Жоғарғы кеңес төрағасы, тәжірибелі оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин жетекшілік еткен. 1999 жылы өткен парламент сайлауында партия мәжілістің екі орнын иеленген. 2004 жылы партия екіге жарылып, Косарев бастаған бір топ коммунист Қазақстан халықтық коммунистік партиясын құрған еді. Ал Коммунистік партия 2004 жылғы парламент сайлауында орынсыз қалып, 2007 жылғы сайлауға қатысудан бас тартқан. 2012 жылғы парламент сайлауы қарсаңында Коммунистік партияның қызметіне 6 айлық тыйым салынып, Косарев бастаған Коммунистік халық партиясы мәжілістің 7 депутаттық орнына қол жеткізген болатын. 2010 жылы Серікболсын Әбділдин өз еркімен партия жетекшілігінен бас тартып, орнына Ғазиз Алдамжаровты ұсынған еді. Биыл Алдамжаров денсаулық жағдайына байланысты уақытша қызметтен шеттеп, жетекшілікті Төлеубек Махыжановқа тапсырған.

Қазақстанда оппозициялық партиялардың бөлінуі мен біртіндеп билікпен ымыраласуы жиі кездеседі. 2004 жылы оппозициялық «Ақжол» партиясы екіге жарылды. Оның билікшіл қанаты 2007 жылы «Әділет» партиясымен бірігіп, көп ұзамай қайта бөлінді, 2012 жылғы парламент сайлауында мәжілістен 8 орын иеленді. Ал оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясы 2009 жылы Жармахан Тұяқбайдың жетекшілігіндегі ЖСДП-мен бірігіп, 2013 жылы қайта ажырасты.

XS
SM
MD
LG