Accessibility links

ЖСДП Украинаға қатысты билік позициясын қолдады


ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай

Астанада өткен жиында Социалистік интернационал комитеті Украинаның оңтүстік-шығысына барынша көбірек автономия беруге шақырды. Жармахан Тұяқбай биліктің ұстанымын қолдап шықты.

ТМД, Кавказ және Қара теңіз елдері социалистік интернационал комитетінің төрт күнге созылған отырысы қыркүйектің 16-сы күні аяқталды. Астанадағы ең қымбат орындардың бірі – «Риксос» қонақ үйінде өткен оны орталығы Лондонда орналасқан халықаралық социал-демократиялық қозғалысына мүше ретінде қазақстандық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) ұйымдастырды.

Социнтерн өкілдері қыркүйектің 5-і күні Минск тобы қол қойған Украинадағы дағдарысты реттеу жөніндегі келісімдерді құптайтыны туралы мәлімдеме қабылдады. Олар бітім шарттарын бұлжытпай орындауға, арандату мақсатында оқ ату әрекеттерін дереу тоқтатуға, Украинаның оңтүстік-шығыс аудандары тұрғындарына жан-жақты гуманитарлық көмек көрсетуді тездетуге шақырды.

ТМД, Кавказ және Қара теңіз елдері социалистік интернационал комитетінің өкілдері елдің оңтүстік-шығысындағы облыстарына көбірек автономия, әрі Украина құрамында көптеген құқық-өкілеттілік беру арқылы конституциялық реформа жүргізу - Украинада тезірек бейбіт өмір орнатудың жалғыз әрі дұрыс жолы деп санайды

Ресейшіл сепаратистер мен үкімет билігі күштері арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан ішінде бейбіт тұрғындары да бар мыңдаған адам қаза тапқан Украинаның шығысында болып жатқан оқиғаларға отырысқа қатысушылар баға бермеуге тырысты.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, екі тараптан да «сыңаржақ әрі агрессиялық сипаттағы» хабар тарап жатқан оқиғаларға баға беру қиын.

- Мына жағдайда кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екеніне төрелік айту қиын. Оппозициялық партия болғанымызбен, біздің биліктің позициясын қолдаймыз. Бұл мәселеде әлдебір шектен аттауға болмайды. Жанжалды ушықтырмай, қақтығысты барынша тоқтататын амал іздеуіміз керек, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский
Ресейлік саясаткер Владимир Жириновский

Социнтерн өкілдерінен кейін сөз сөйлеген Ресей мемлекеттік думасы депутаты Олег Нилов аты-жөнін атамаған әріптесінің «арамзалығы» үшін кешірім сұрады.

Оның соңғы кездері Қазақстанға қатысты территориялық талап қойып жүрген мемлекеттік дума депутаты, ресейлік ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновскийді меңзегенін жиналғандар жорамалдап, ал журналистер кейінірек нақтылап сұрап жатты.

- Ол қазір ұлтаралық араздықты қоздырып жүр, бұған жол беруге болмайтынын айттым, өйткені мұндай әрекеттің келесі кезеңі - фашизмге үндеу. Меніңше, Қазақстан президенті де, біздің партия да мұны міндетті түрде анық көрсетуі тиіс, - дейді мемлекеттік думадағы «Справедливая Россия» фракциясы жетекшісінің орынбасары Олег Нилов.

2014 жылдың басында Киев Майданындағы халық шерулерінің қысымымен президент Виктор Янукович елден қашқан кезде Қазақстан билігі Украинадағы дағдарысқа қатысты позициясын көпке дейін мәлімдемеген еді. Ресми Астананың реакциясы бұл оқиғаларды «заңсыз төңкеріс» деп атаған Кремль ұстанымына ұқсас болған. Ресей Қырымды бөліп алған кезде де Астана Мәскеудің позициясын қолдаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG