"Ислам мемлекеті" ұйымының (ИМ - ред.) содырлары 3 қазан күні интернетке британдық тұтқын Алан Хеннингтің басын кескен видеоларын жариялады.
47 жастағы Хеннинг желтоқсан айының соңында, Сирияда содырлар қолына түскен еді. Ол гуманитарлық жәрдем қызметкерлерінің көмекшісі болып жүрген жерінен ұсталған. Сирияға Түркия арқылы барғаны айтылады.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон "Хеннингтің қазасы ИМ ұйымы содырларының қаншалықты қатыгез екенін көрсетеді" деді. Кэмерон "Ұлыбритания билігінің кінәлілерді іздеп тауып, жазалау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын" мәлімдеді.
АҚШ президенті Барак Обама да "Вашингтонның қатыгез қылмысты айыптайтынын" айтқан.
Интернетке бұдан бұрын шыққан бір видеода бет-аузын тұмшалап алған ИМ содыры келесі құрбан америкалық азамат Питер Кассиг болатынын айтқан.
Содырлар АҚШ бастаған халықаралық коалицияның "Ислам мемлекеті" ұйымының майдан шебін атқылауын тоқтатуын талап етеді.
Бұған дейін «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы 2 қыркүйекте АҚШ журналисі Стивен Сотлоффты, 20 тамыз күні тағы бір америкалық журналист Джеймс Фоулиді, 14 қыркүйекте Ұлыбритания азаматы Дэвид Хэйнсті өлтіргені туралы видеоларды интернетте жариялаған еді.