Accessibility links

Царнаев ағасының үш қазаға қатысы барын білген


Джохар Царнаевтың ұсталған кездегі суреті. 19 сәуір 2013 жыл.
Джохар Царнаевтың ұсталған кездегі суреті. 19 сәуір 2013 жыл.

Бостон марафоны кезіндегі террорлық жарылыстарға байланысты қозғалған қылмыстық істегі негізгі айыпкер Джохар Царнаев өз ағасы Тамерланның 2011 жылы үш кісі өліміне қатысы болғаны туралы білген деп жазады Boston Globe басылымы.

Басылым ақпараты бойынша, іс бойынша айғақтарға қол жеткізуді көздеген Царнаевтың қорғаушылары жұма күні сотқа осындай деректер берген. Прокуратура Джохар Царнаевтың қатысын дәлелдейтін айғақтар барын бірнеше рет мәлімдегенімен, адвокаттарды ол айғақтармен таныстырудан бас тартқан болатын.

2011 жылы қыркүйекте штатындағы Уолтем елдімекенінде үш адам кісі қолынан қаза болған еді. Бостон марафоны кезіндегі терактіні тергеу барысында жарылысты ұйымдастырған деген күдікке ілінген Тамерлан Царнаев Уолтемде мерт болғандардың бірімен дос болғаны анықталған.

2013 жылы 15 сәуір күні Бостонда марафон кезінде болған екі жарылыстан 3 адам қаза тауып, 260-тан аса адам жараланған. Жарылыстан соң күдіктілер – ағайынды Царнаевтардың үлкені Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде қаза тапқан. Ал полиция тұтқынға алған оның інісі Джохар Царнаевқа АҚШ-та 30 баптан тұратын айыптар тағылған, соның 17-сі бойынша жазаның ең ауыр түрі ретінде – өлім жазасын тағайындау қарастырылған. Джохар Царнаев өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамай отыр. АҚШ бас прокуроры Эрик Холдер Джохар Царнаевты өлім жазасына кескенді жөн санайды. Царнаевтың соты алдағы жылы 5 қаңтар күні басталуы тиіс.

Бостон жарылыстарына қатысты істе Джохар Царнаевпен дос болған Қазақстанның екі азаматы – бұрынғы студенттер Дияс Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа «террорлық жарылыстарды тергеу ісіне кедергі жасамақ» болған деген айыптар тағылған. Ол екеуіне де сот үкімі әлі шыққан жоқ.

XS
SM
MD
LG