Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Италияға сапармен барады деп хабарлады бүгін президенттің баспасөз қызметі.
Ақорда сайтындағы ақпаратта президент Назарбаев 16-17 қазан күндері Милан қаласында өтетін «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитіне қатысып, бірқатар екіжақты кездесулер өткізетіні айтылған.
Миландағы форум жұмысына елуге тарта мемлекет және үкімет басшылары, солардың арасында Германия канцлері, Италия мен Ұлыбритания премьер-министрлері, Еуропа Одағының лидерлері қатыспақшы. Форум аясында Украина, Ресей, Германия және Франция басшыларының қатысуымен келіссөздер өткізу жоспарланып отырғаны бұған дейін хабарланған.
Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасынан «Азия-Еуропа» форумының мүшесі мәртебесіне ие болған бірегей ел болып саналады.