18 қазан күні таңертең азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың үйіне Алматы қаласының Әуезов ауданы ішкі істер қызметкерлері келіп, оны алып кетуге тырысқан.
Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Нарымбаев өзін ұстауға бірнеше полицей келгенін, бірақ пәтерінің басқа бөлмесінің есігін бекітіп алып, шықпай қойғанын айтты. Нарымбаевтың айтуынша, оны ұстауға берілген құжатқа "соттың немесе тергеушінің қолы қойылмаған". Ол бұл туралы Әуезов аудандық прокуратурасының кезекшісіне де хабарлағанын айтады. Полиция қызметкерлері Нарымбаевтың үйіне прокуратура өкілі келгеннен кейін кетіп қалған.
Ал Әуезов аудандық ішкі істер басқармасының кезекшісі Марат Қашқымбаев Азаттық тілшісіне "ақпарат бере алмайтынын" айтты. Алматы әкімшілік соты мен Әуезов ауданының кезекші прокурорымен хабарласу мүмкін болмады.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев полицияның 17 қазан күні "күштеп әкімшілік сотқа апарғанын, соттың кешкі сағат 9:30-ға дейін созылғанын, судьяның полицияға істі қайтарып беріп, өзін босатып жібергенін" айтады.
Оны мамыр айында Алматы қаласының Әуезов ауданындағы үйлердің бірінің ауласында заңсыз жиын өткізді деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартпақ. Белсендінің өзі "заңсыз құрылысқа қарсы жиын өткізгенім үшін мені 15 тәулікке қамағылары келеді" дейді.