Accessibility links

Астанада "мемлекет қажетіне" жер алуға қарсы жиын өтті


Жерлері "мемлекет қажетіне" алынған саяжай тұрғындарының наразылық митингіcі. Астана, 18 қазан 2014 жыл.
Жерлері "мемлекет қажетіне" алынған саяжай тұрғындарының наразылық митингіcі. Астана, 18 қазан 2014 жыл.

Бүгін Астана шетіндегі саябақтардың бірінде жерлері "мемлекет қажетіне" алынып, кейбірінің үйлері сүрілген саяжай тұрғындары бейбіт митингке шықты. Қала әкімдігінің рұқсатымен бесінші мәрте өткізілген шеруге 20-дай адам қатысты.

Шерушілер қолдарына «Заң мен сот алдында бәріміз теңбіз», «Қазақстанда адам құқығы мен бостандығы конституция арқылы қорғалады» деген сөздер жазылған бірнеше транспарант ұстап тұрды.

Жерлері "мемлекет қажетіне" алынған шерушілердің кейбірінің үйлері сүрілген, кейбірі үйлері күрелетіні туралы хабарлама алған. Наразылық шарасында сөйлеген саяжай тұрғындары «үйлеріміздің сүрілуіне билік кінәлі» деп мәлімдеді. Сонымен бірге, шерушілер "Қазақстандағы жемқорлықпен күресу қажет" екенін, "бастарындағы жағдайға жемқорлықтың тікелей қатысы болғанын" да айтты.

Митингті ұйымдастырушы белсенді Әбдурахим Бейсен «Қалалық әкімдікке шараны өткізуге бір ай бұрын өтініш бергенмен, олар рұқсатты тек бес күн қалғанда берді. Егер әкімдік митингке ертерек рұқсат еткенде, келушілер көп болатын еді» дейді.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған митингтен кейін шерушілер жалғыз баспаналарынан айырмауды сұрап, Қазақстан бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және тағы басқа құзырлы органдарға үндеу жазып, қол қойып тарасты.

Астана аумағына қосылған бұрынғы саяжай территориясындағы жерлерді "мемлекет қажетіне" алу ісі басталғалы тұрғындар сол жерлерге салынған баспаналарынан да айырылып жатыр. Наразылар "жер телімдері тым арзан бағаланады және ол мемлекетке емес, басқа адамдардың қажетіне алынып жатыр" деп, бұған дейін де бірнеше мәрте наразылық акциясына шыққан. Кейбір тұрғындар сот орындаушыларына қарсы тұрған, бірақ қолданылған күшке төтеп бере алмай, үйлері сүрілген еді.

Қала әкімдігінің айтуынша, бұл жер телімдері коммерциялық мақсатпен емес, «мемлекет қажетіне» ғана алынады. Билік олардың орнына «жаңа ғимараттар, жолдар, парктер мен мәдени-әлеуметтік және тұрмыстық объектілер салынады» дейді.

XS
SM
MD
LG