Брюссельде бүгін Еуропа Одағы (ЕО) елдері басшыларының саммиті өтеді. Саммитте талқыланатын мәселелердің арасында климаттың өзгеруімен күрес шараларын келісу және қауіпті Эбола вирусының таралуына жол бермеу жайы бар.
ЕО елдері мен Еуропа комиссиясы Эболамен күреске 600 миллион еуро бөлуге уәде берген. Ұлыбританиялық дереккөздерінің ақпараты бойынша, саммитте осы ел премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еуропа елдерін Эболаға бөлетін қаржыны бір миллиард еуроға дейін көбейтуге шақырмақ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 22 қазанда Эболадан қайтыс болғандар саны 4677-ге жетті деп хабарлаған.
Саммитте ЕО басшылары бұған қоса Украинадағы жағдайды және Ирак пен Сириядағы радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымынан төнетін қауіпті де талқыламақ.