Accessibility links

Министрлік Эбола жайлы қауесетті терістеді


Эбола вирусының микроскоппен қарағандағы түрі.
Эбола вирусының микроскоппен қарағандағы түрі.

Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті халық арасында ұялы телефон арқылы тараған қауесетті – «Эбола вирусы бананнан жұғады» деген хабарды терістеді.

«Эбола Батыс Африкада адамға жануарлардан (жарғанат, маймыл) жұғып, әрі қарай клиникалық көрсеткіштері бар адамдарға тараған. Инфекция ауру адаммен тікелей байланыста (терідегі жара немесе шырышты қабық арқылы) немесе биологиялық сұйықтық (қан, түкірік, т.б.) арқылы жұғады» делінген комитет хабарламасында.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Эбола вирусы жеміс-жидек және ауа арқылы жұқпайтынын ескертті.

22 қазанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола вирусынан көз жұмғандар саны 4877-ге жетті деп хабарлаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола індеті табылған жеті елді екі топқа бөледі. Алғашқы топқа індеттен ең көп зардап шеккен Либерия, Сьерра-Леоне, Гвинея кіреді. Екінші топқа індеттен азырақ зардап шегіп отырған Сенегал, Нигерия, Испания мен АҚШ қосылған. Өткен аптада Сенегал мен Нигерияда эпидемия аяқталды деп жарияланған. Испаниядағы жағдай вирус жұқтырған науқас ауруынан айыққаннан 42 күннен кейін белгілі болады.

XS
SM
MD
LG