Бүгін Астананың іргесіндегі Қоянды ауылына кіреберістегі даулы аумаққа негізінен Қытай мен Моңғолиядан қоныс аударып келген қазақтар үй сала бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Үй салып жатқандар жерді 2013 жылы бір әйелден сатып алғандарын айтады.
«Былтыр ондаған отбасының әрқайсысы әлгі әйелге бес мың, жеті жарым АҚШ долларын беріп, жерді сатып алдық. Ол бізге фотосуреттен сегіз гектар жердің мемлекеттік актісін көрсеткен болатын. Жер телімдеріміздің құжаттарын кейін беремін деген. Бірақ сол күйі құжаттарды бермеді. Кейін біз ол әйелді сотқа бердік. Тіпті болмаған соң үй сала бастадық» дейді бұл ауылға Қарағанды облысынан көшіп келген Мұратбек Тұрымхан.
Үй салуды бастаған тұрғындарға барған Қоянды ауылының әкімі Алтынай Мерханқызы жекеменшік бір мекеменің иелігіндегі бұл жерге өз бетінше үй салудың заңсыз екенін ескерткен.