Түркия үкіметі ел аумағы арқылы өтуге рұқсат берген соң, Ирак күрдтерінің «Пешмерга» қарулы жасағы 29 қазанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Шанлыурфа қаласының әуежайына ұшақпен жеткізілді. Бұдан соң оларға Түркия қауіпсіздік күштері қоса ілесіп, Сириямен шекараға аттанды.
Өткен аптада Ирактың Күрд автономиялық аймағының үкіметі «Пешмерга» жасағының 150 сарбазын Сирияның Түркиямен шекарасындағы Кобани қаласын қоршап алған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен соғысып жатқан сириялық күрдтерге көмек жіберу туралы шешім қабылдаған еді.
АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері «Ислам мемлекеті» ұйымының Кобани мен оның айналасындағы позицияларына әуеден бірнеше рет соққы жасады.