Accessibility links

Құрқылтайдың ұясындай үй арман болды


Абылайхан Рысдәулет, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Абылайхан Рысдәулет, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Шыны ғимараттар асқақтаған сайын оның армандары шытынай берді.

Гауһар алты айлық құндақтаулы баласын жұтып жіберердей құшырлана иіскеді. Қуаныш – оның тұла бойы тұңғышы. Баласын бауырына басып еміренгенде ананың омырауы еріксіз иіп сала берді. Көк жөтел мен кеуденің тырнап ауырсынуын жас ана елең қылар емес. Тек періштесін емізе алмай отырғаны қинайды. Ал қатыгез тағдырдан бейхабар нәресте анасының алақанында пысылдап ұйықтап жатты. Кенет келген суық ой Гауһардың жүрегін солқ еткізіп, бет-жүзін ащы жас жуып кетті...

Аурухананың аядай ғана бөлмесінде алты адам жатыр. Мұның өзіне де тәуба. Бөлмеге сыймай, тар төсекке таңылып дәлізде жатқандар қаншама. Түн ұзаққа тыным бермейтін көк жөтел әр төсектен жарыса шыққанда аурухана іші майдан даласындай жаңғырады. Онсыз да дімкәс көңілді діңкелетіп, жүйкені жұқартады. Таң қылаң бере әлсіреп әрең жеткен ұйқыны дене қызуымен бірге шыққан суық тер шайдай ашты. Дәрігер Қуаныштың медициналық қорытындысын Гауһарға көрсетті. Қатігез дерт сәбиді де аямапты. Диагноз − туберкулез! Мұны естіген ананың жөтелі өксік араласа тым қатты шықты. Өкпесін жыртып жіберердей тіліп өтті. Егіліп, шер шығарып жылауға да дәрмен жоқ, тым әлсіз. Ағзаны жегідей жеген дертке бой алдырмай тұрған әзірше тек буынсыз тіл ғана.

– О, Құдай! Бір отбасын түгел жалмардай не жазып едік?!

Гауһар жаңғақ өңді, етжеңді, бойшаң, мінезі салмақты, еңбекқор қыз болатын. Бала-бақшада тәрбиеші, өзі қалаған мамандығы. Жұмысын құлшыныспен істейтін. Бұл күнге де оңайлықпен жетпеген еді. Жасы – 28-де. Ендігі мұраты − тұрмысқа шығу, балалы болу.

Наурыз мерекесінде Жомартпен танысқан. Ә дегеннен әңгімелері жарасып, тез тіл табысып кетті. Жомарт сөзге шебер, әзілқой жігіт. Ұзын бойлы, иықты. Жасы – 32-де. Астанада құрылыста жұмыс істейтін.

− Бойдақ өмірім өзімнің бойым секілді ұзарып барады. Көлігім, пәтерім болған соң үйленемін деген мақсатым сағымға айналды. Қуамын, ол қашады, әйтеуір жеткізер емес. Бүгінгі қыздардың талабынан шығамын деп талша мойным қылша болды, − деп Гауһармен бірге өзі де жарыса күлді. Әзіл де болса бұл - Жомарттың шын сөзі еді. Сырт көзге көңілді көрінетін жігіттің іші өткір өкініштерге толы болатын.

Тепсе темір үзетін Жомарт әскерден келген соң екі қолға бір күрек таппай ауылда жүрді. Анасының еден жуып тапқан мардымсыз жалақысы бес баланың жұмырына жұқ болмайтын. Жоқшылық жас жігіттің жігерін жүнше түтті. Өз бойынан өзі ұялып, еңкіш тартып жүруді шығарды. Көпшілік көзден қашып, күн ұзаққа үйде жататын. Бір жақсысы ащы суға әуестенбеді. Әйтпесе, ауылдағы жұмыссыз жастардың дені ішімдікке бой алдырған.

Жомарт қарызданып-қауғаланып жұмыс істеуге Астанаға келді. Бар ойы - ақша тауып, жан бағу. Анасына, бауырларына қарайласу. Отбасын құрып, үйлі болу. Әйткенмен, арман шіркін оңайлықпен жеткізе ме?

Жомарттың құрылыста жүргеніне он жылдан асты. Бой көтерген талай ғимараттың тасын қалады. Шыны ғимараттар асқақтаған сайын оның армандары шытынай берді. Мақсаты шынайы өмірмен сыйыспай жататын. Мардымсыз жалақысы үй алып, отбасын құру былай тұрсын, жылы пәтер жалдап тұруға да жетпеді. Пәтер кезегіне де тұра алмады. Қатыгез қалада үйіне тіркеуге алатын қайырымды туысы болмады. Амалсыз жарты белінен жер астына кіріп кеткен үйдің бір бөлмесін жеті жігіт бірге жалдап тұрды. Қуықтай бөлме, тар ауа, сыз, зәктің исі қолқаны қабады. Жылу да қосылмаған. Кештетіп көмір жағып жылытқан сымақ болады. Тойып ішетін ас та жоқ. Айдан ай, жылдан жыл өтіп жастық өмір осылай тоналып жатты. Соңғы кезде Жомарт күрк-күрк жөтелетінді шығарды. Күтініп, ем қабылдауға уақыты жоқ.

Былтыр Жомарт пен Гауһар алдағы "өмірдің ащы-тұщысын бірге бөлісеміз" деп сөз байласты. Үйленді, беташар жасады. Пәтер жалдап тұрды. Тағы да тар, сыз, суық бөлме. Жомарттың тапқанын пәтер ақысына, Гауһардың аз айлығын ас-суы, киім-кешегі мен жол-пұлға жұмсайтын. Ішіп-жемі мардымсыз. Аз ақшаны үнемдеп, Астананың шетінен құрқылтайдың ұясындай болса да, өз үйлерін тұрғызуды мақсат етті. Көп ұзамай Гауһардың құрсағы аққа толды. Ай-күні жетіп аман-есен босанды. Ырымдап тұңғышының есімін Қуаныш деп қойды. Екеуінің қуынышында шек болмады. Бар қиыншылық артта қалғандай.

Алайда Жомарттың жөтелі күн өткен сайын асқына түсті. Бастапқыда елең қылмай жүрген дерті дендеп кетті. Жұмысқа мүлдем жарамай қалғанда ауруханаға жатты. Диагноз – туберкулез! Гауһар емізулі баласымен жағаласа жүріп табылған жұмысты істеді. Бірақ күн өткен сайын ол жүдеу тарта түсті. Алғашында оқта-текте жөтелетін. Қыстың суығымен күшейген жөтел мен әлсіздік Гауһарды да жеңді. Ауруханаға түсті. Диагноз – туберкулез!

Енді міне, қатыгез дерт сәбиін де аямады. Диагноз − туберкулез!..

Абылайхан РЫСДӘУЛЕТ, Шымкент

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG