Accessibility links

Біз де «квартирант» болғанбыз


Нұрғали Нұртай, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Нұрғали Нұртай, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Пәтері тарылған қазақтың пейілі де тарылды. Қазір «құдайы қонақтан» қадірсізі жоқ.

Киіз үйде туып, сахара төсінде өскен, көшпенділер мәдениетінің соңғы салтанатын көрген қазақтардың бірімін. Қазақтың киіз үйі кең еді, ішіне бір отбасы бала-шағасымен, бес-алты қонағымен сыйып кететін. Жол жүре қалсаң, кез келген қазақтың үйіне құдайы қонақсың. Еркегі жоқ үйден басқаның бәрі қондырады. Тарлық көрмей, қысылып-қымтырылмай өстік. Алшаң басып ержеттік.

Атажұртқа келгенде екі баспанамыз болды. Мектеп біте арман қуып Алматыға келдік. Грантпен оқу бұйырмады. Қаншалықты әдемі болғанымен соншалықты мейірімсіз Алматы ауылға жібермей қалды. Қара жұмысқа жалданып, жатар орынға қуықтай үй жалдадық. Жайлысына жетер ақша жоқ. Жұмыс ауысып (ауысайын деп ауыспайсың ғой), «мұз» еденді үй жалдап тұрған да кезіміз болды. «Тастақ», «Таулы қырат», «Заря Восток», «Алтай», «Қалқаман»... талай «көштік». Естен ешқашан өшпестей естеліктер қалды.

Алғашқы жалдаған пәтеріміз ішінде сәкісі бар, тұрсаң төбең тірелетін, алақандай ғана терезесі бар, сыртынан қарағанда көбірек тауық ұясына ұқсайтын құжыра болды. Қожайынына соңғы айда үш мың теңгесін бермей «қашып» кеттік. Кезекті бір қожайын «өлейін» деп тұрса да, пәтерақы алар күннен еш жаңылысқан емес. "Балам - милиция" деп қорқытатын.

Сондай лашықтарда көбінесе Мағжан сенетін жастар өмір сүріп жатыр. Олардың айына 30-40 мың теңге беріп жалдаған үйлерінен ауылдағы сиыр қора көш артық.

«Апортта» жұмыс істеп жүрген кезімде «Абай саяжайында» бір бөлмелі құжырада жалғыз тұрдым. Ең жоғары деген температурасы 20°C. Сол бөлмеге алты ай қонып, қыстан шықтым. Кілтімді жұмыста қалдырып кеткен бір күні темір есікке сүйеніп таң атырдым. Қалқаманда тұрған қыстың бір кешінде үйге келсек, жұпыны жатағымызда заттарымыз суда қалқып жүр, су жоқ кезде кран ашық қалыпты. Таң атқанша «апатпен» күрестік.

Ауылда хан сарайындай үйіміз бола тұра, мәжбүрлі түрде лашықтарда бәлен ай ғұмыр кешірдік. Пәтері тарылған қазақтың пейілі де тарылды. Қазір «құдайы қонақтан» қадірсізі жоқ.

Өкініштісі – сондай лашықтарда көбінесе Мағжан сенетін жастар өмір сүріп жатыр. Олардың айына 30-40 мың теңге беріп жалдаған үйлерінен ауылдағы сиыр қора көш артық. Ауылда жұмыс жоқ. Сондай лашықтарда әке-шешесінің «хазайын ұрсады» деген сөзін естіп, санасы құлдана ертеңгі қазақ өсіп келеді. Алайда, тар үйде қамалып ғұмыр сүріп жатқан кез-келген қазақ Қазақстанның тоқымдай жерінің өзі қаншалықты қымбат екенін біледі...

Нұрғали НҰРТАЙ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG