Еуропа Одағы (ЕО) мен АҚШ Украинаның ресейшіл сепаратистер бақылауындағы шығыс территориясынан батысқа қарай әскери техникалардың бара жатқаны туралы хабарларға алаңдаушылық білдірді.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Бернадетт Михан сепаратистердің жаңа аймақтарды басып алмақ болған кез-келген әрекеті қыркүйекте Минскіде жасалған келісімді "өрескел бұзатынын" мәлімдеді. Ол Ресейді сепаратистерді қолдауды тоқтатып, Украинаның шығысынан әскерін әкетуге шақырды.
ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини ЕҚЫҰ-ның Украинадағы миссиясының елдің шығысында айырым белгісі жоқ әскери техникалардың жиі байқалып жатқаны туралы хабарын "өте үрейлі" деп атады. Қарашаның 8-інде ЕҚЫҰ сарапшылары Донецк мен оған жақын Макеевка қаласында ауыр әскери техника мен танктер колоннасы байқалғанын" хабарлаған.
Киев пен батыс елдері Ресейді Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды. Бірақ оны Мәскеу жоққа шығарады.