Дүйсенбіге қараған түні Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз ТМА-15М» ғарыш кемесі халықаралық ғарыш станциясымен автоматты түрде түйісті. Бұл туралы Ресей ғарыш агенттігі хабарлады.
«Союз-ФГ» зымыраны арқылы ұшырылған ғарыш кемесі станцияға жаңа экипаж құрамын – «Роскосмос» ғарышкері Антон Шкаплеров, Еуропа ғарыш агенттігінің әйел астронавты Саманта Кристофоретти және НАСА астронавты Терри Вертсті жеткізген.
Жаңа экипаж ғарышта 169 тәулік болып, ресейлік «Прогресс» жүк кемесі мен еуропалық ATV-5 жүк кемесіне қатысты жұмыстарды атқарады деп жоспарланып отыр.