Украинаның Харьков қаласында қарашаның 25-іне қараған түні әскери бөлім маңында жарылыс болды. Зардап шеккендер туралы әзірге мәлімет жоқ.
Жарылысқа куә болғандардың Twitter-де хабарлауынша, жарылыс үнінен сол маңдағы үйдің терезесі сынып, әскери бөлімнің бетон қоршауында үлкен жарықшақ пайда болған. Алдын-ала болжам бойынша, жарылғыш зат қоқыс салатын контейнерге жасырылған болуы мүмкін.
Харьковте соңғы бір аптада осымен үшінші рет жарылыс болып отыр. Қарашаның 20-сы күні кешке қала орталығындағы Донбасстағы операцияға қатысқандар емделіп жатқан әскери госпиталь маңында жарылыс болған. Қарашаның 22-сінде Безлюдовка станциясындағы теміржол депосында цистерна жарылған.
Ал қарашаның 10-ына қараған түні ұлттық гвардияның "Азов" батальонына көмек көрсету үшін жиын болып жатқан "Стена" түнгі клубында жарылыс болған. Ол жарылыстан сегіз адам зардап шегіп, екі адам ауыр жараланған.