Accessibility links

Назарбаев туралы кітаптар көрме өткізуге жетті


"Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті" күніне арналған ұлттық кітапханадағы кітап көрмесі. Алматы, 27 қараша 2014 жыл.
"Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті" күніне арналған ұлттық кітапханадағы кітап көрмесі. Алматы, 27 қараша 2014 жыл.

​Президент күніне арналған кітап көрмесіне Назарбаевқа қатысы бар 3 мыңнан астам кітап қойылды. Осы орайда советтік басшылардың шығармаларын санаған саясаткер екі-үш кітапты ғана есіне түсірді.

Оппозициялық саясаткер, Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған бұрынғы Жоғары Кеңес (1991-1993) төрағасы болған Серікболсын Әбділдин ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап кітап жазу әдеті қарқындап бара жатқанын айтады. Ол мемлекет басшысының өзі туралы ондаған кітап жазуын, өзгелердің оған жүздеген кітап арнауын «советтік жеке басқа табыну кезеңінде де болмаған іс» деп сынайды.

– Совет кезінде жоғары басшылық қызметте отырған адамдар өздерін көрсету үшін кітап шығармайтын және оларды мадақтап кітап шығаруға да жол берілмейтін. Брежневтің «Кіші жер», «Тың» деп аталатын шағын кітапшалары болды, бірақ оны арнайы мерекелер кезінде ғана атап өтетін. Қонаевтың «Курс партии» дейтін кітабы өзі туралы емес, компартия туралы болатын. Бірақ Қонаев туралы ешкім кітап шығарған жоқ, – дейді ол.

Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің президент Назарбаев туралы кітап жазуы оғаш көрінеді.

ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КӨРМЕ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы шығармаларды «Тұңғыш президент күні» – 1 желтоқсан қарсаңында Алматы қаласындағы ұлттық кітапханада ұйымдастырылған көрмеден де табуға болады. Қарашаның 27-сінде ашылған бір айлық көрмеде президент Назарбаевтың кітаптары, ол жайлы естелік, очерк пен өлеңдер жинақтары қойылған. Ол кітаптардың авторлары арасында қазір жоғары лауазымды қызметте отырған шенеуніктер де кездеседі.

Назарбаев туралы кітап авторлары мен құрастырушылардың арасында 1996 жылдан қазірге дейін Қазақстан президенті кеңсесінің меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Махмұт Қасымбековтің есімі жиі аталады.

«Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты бірнеше шет тілдерге аударылған кітап авторы Махмұд Қасымбеков – 2010-2013 жылдары жарияланған «Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы» (15 томдық) жинағын құрастырушылардың бірі.

"Ақордаға ода". (Ғалым Смағұл салған карикатура)
"Ақордаға ода". (Ғалым Смағұл салған карикатура)

​Ұлттық кітапханадағы көрмеде Махмұд Қасымбеков құрастырған «Жүректен жеткен жырлар: Елбасы Н.Назарбаев туралы өлеңдер, толғаулар мен дастандар» кітабы да тұр.

Көрмедегі кітаптың арасында «Послание президента в потоке истории: политический анализ, документы, публицистика» деген жинақ та бар. Оны 2004 жылы Махмұд Қасымбеков пен президент әкімшілігі жетекшісінің қазіргі орынбасары Бағлан Майлыбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері мен жолдауларынан құрастырған.

Көрмедегі кітаптардың бірі – 2011 жылы жарияланған 2 томдық «Тұлға туралы толғамдар» жинағы. Жинақтан қазіргі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің «Назарбаев моделі: жаһандық сынаққа төтеп беру», Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматуллиннің «Назарбаев феномені: ел мен халыққа қызмет ету миссиясы», бұрынғы сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың «Елбасы» деп аталатын туындыларын оқуға болады.

Көрмедегі кітаптар арасында «Елбасы» деген атаумен эссе, ой-толғам, өлең-жыр мен сұхбаттардан құралған» он шақты жинақ та тұрды. Соның бірі – парламенттің 27 депутатының Нұрсұлтан Назарбаев туралы 256 беттен тұратын «Елбасы» деп аталатын кітабы 2010 жылы жарық көрген

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптар. Алматы, 27 қараша 2014 жыл..
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптар. Алматы, 27 қараша 2014 жыл..

Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың Назарбаев туралы «Нұр мен көлеңке» «Он делает Историю» дейтін мақалалар мен очерктер жинағы да, парламенті мәжілісінің үш шақырылымының депутаты Уәлихан Қалижанның «Президент. Көзбен көргендер мен көңілге түйгендер» дейтін үш томдық жинағы да осы көрмеге қойылған.

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, қазір парламент депутаты Абай Тасболатов тың 2011 жылы қазақ және орыс тілдерінде шығарған «Жоғарғы бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі» («Верховный главнокомандующий – гарант военной безопасности») деп аталатын кітабын да Алматыдағы көрмеден табуға болады.

Ұлттық кітапхананың көрме ұйымдастырушы қызметкері Жанар Алпысбайқызының айтуынша, жылына президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы ондаған кітап шығады, бұл жолғы көрмеге Назарбаевқа қатысы бар 3 мыңнан астам кітап қойылған.

Азаттық тілшісі бұған дейін ұлттық кітапханадан Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен тіркелген 102 кітап, Назарбаев туралы 172 кітап бар екенін санап қайтқан еді. СССР компартиясының бас хатшысы Леонид Брежневтің еңбектерін түгендегенде барлығы 165 кітап болған. Есесіне «Брежнев жолдастың» өзіне арналған кітаптардың саны жеті-сегізге әзер жеткен.

Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған кітап көрмесінен видео

Ұлттық кітапханадағы "тұнғыш президент" көрмесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

XS
SM
MD
LG