Бүгін Алматы қалалық сотының кассациялық алқасы "Жұлдыздар отбасы - Аңыз Адам" журналының бір топ ардагерге өтемақы төлеу туралы сот шешіміне қарсы берген апелляциялық шағымын қарап, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Маусым айының басында өздерін "Ұлы Отан соғысы ардагеріміз" деп сипаттаған 13 адам "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген еді. Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды. Арыз иелері Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жария түрде кешірім сұрауын және шағымданушы 13 адамның әрқайсысына 5 миллион теңгеден - жиыны 65 миллион теңге төлеуін талап еткен еді.
30 маусым күні Алматының Алмалы аудандық соты ол шағым бойынша журнал редакторы Жарылқап Қалыбайды 13 адамның әрқайсысына 1 миллион теңгеден - жиыны 13 миллион теңге төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген..
Ал аппеляциялық шағымды қараған Алматы қалалық соты айыппұл көлемін азайтып, 13 адамның әрқайсысына 100 мың теңгеден - жиыны 1 миллион 300 мың теңге төлеуге міндеттеген. Апелляциялық сот үкімнің Қалыбайды екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген тұсын өзгеріссіз қалдырған еді. .
"Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санында нацистер көсемі Адольф Гитлер туралы мақалалар жариялаған соң дауға қалған.