Ресей президенті Владимир Путин бүгін федералдық кеңесте жыл сайынғы жолдауын оқып жатыр. Жолдауда Путин Ресейдің экономикалық жағдайы, Мәскеудің халықаралық саясаттағы ұстанымы жайлы айтты.
Путин Ресей Украинаны бауырлас ел ретінде құрметтеуі тиіс екенін айта келе, бірақ Украинаның шығысындағы "апат" Ресей жүргізіп отырған саясаттың дұрыс екенін көрсетеді деді. Ол бұған қоса Батыс елдерін "1990 жылдары Югославияға істегендей Ресейді де құлатуға тырысады" деп айыптады. "Алайда олардың бұл әрекеті Гитлердікі сияқты сәтсіздікке ұшырайды" деді Путин.
Путин Батыс елдері салған санкция "керісінше экономикалық дамуға, алға ұмтылуға түрткі болатынын" да айтты.
Владимир Путин бұған қоса Ресей Латын Америкасы, Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен экономикалық байланысты арттыратынын мәлімдеді.
2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Еуразия экономикалық одағы жұмыс істейтінін айтқан Путин одаққа мүше елдер "өзара тең, тең құқықтық, сыйластық негізінде" қарым-қатынас орнату қажетін сөз етті.
Президент Путин үкімет сыртқа кеткен капиталды Ресейге қайтару қажетін, "Ресейге оралатын капиталға рақымшылық жариялау керек екенін" хабарлады.