Accessibility links

Сандық форматтағы Алматы тарихы іріктеліп жазылған


"Алматы энциклопедиясы" веб-порталының беті.
"Алматы энциклопедиясы" веб-порталының беті.

Алматы тарихы туралы жаңа сайт ашылды. Сайт жүйеленген ауқымды деректерді берумен қатар қала тарихына деген шенеуніктер көзқарасын да көрсетеді.

«Алматы энциклопедиясы» сайтында анықтамалық сипаттағы бір мың 700 мақала мен үш мыңнан аса фотосурет жарияланған. Жарияланған деректердің көбі бұрыннан белгілі.

Алматы туралы баспа түріндегі алғашқы энциклопедия «Алматы» деген атаумен 1983 жылы шыққан. Сол басылымдағы көп дүниені енді осы сайттан табуға болады. 1996 жылы жаңа деректермен толықтырылып, қайта шыққан. Демек, «Алматы энциклопедиясы» сайтынан 1996 жылдан кейінгі кезеңге қатысты ғана азды-көпті жаңа деректер табуға болады.

АВТОРЛАР МЕН ДЕРЕК КӨЗДЕРІ

Сайтта мақала авторларының кім екені көрсетілмеген. Алматы туралы жүйеленген деректерді беруге тырысқан талпыныс үшін құрастырушыларды мақтауға болады. Бұған дейін әлеуметке белгісіз болып келген көптеген фотосуреттердің жарияланғаны да қуантады.

Жалпы, форматына қарамастан, мұндай басылымдарды құрастыру кезінде дереккөзге сілтеме жасау талабы орындалуы тиіс. Бірақ бұл - сайт кемшіліктерінің бірі.

Болжамдап айтқанда, бұл 2009 жылы «Алматы» деген атаумен энциклопедия түрінде шыққан басылымның сандық форматтағы нұсқасы болып шыққан. Оның авторлары – Ерболат Әуезов пен К.С.Қонаева. Әлгі кітап жарыққа шығар кезде Ерболат Әуезов Алматы қаласы тарихы мұражайының директоры болған. Кейін «Алматы энциклопедиясы» веб-порталын құрастыруға тапсырыс берген Алматы әкімдігінің ішкі саясат басқармасын басқарған.

ТАРИХТЫ ҚЫСҚАРТУ

Тарихшылар әдетте тарихты заман талабына сай көрсету дәстүрін ұстанады. Қай тұстарын қысқартуды сол заманның идеологиясы анықтайды. Егер өткенге көз жүгіртсек, «Алматы» энциклопедиясында көбінесе «социализм жетістіктері» мен «революциялық шежіресіне» мән беріліп, ал революцияға дейінгі кезең үзік-үзік қамтылған. Ал «Алматы энциклопедиясы» порталында революцияға дейінгі кезең кеңірек қамтылған.

Тарихтың совет кезеңі барыншы қысқартылған. Алматы туралы сайтта Жетісу мен Верный қаласында совет үкіметін орнатуға қатысқан белгілі бір қайраткерлер туралы мақалалар жоқ. Тіпті олардың аты-жөндері де аталмайды. Мысалы, сайттан қала көшелерінің біріне аты берілген Рудольф Маречек туралы ештеңе таппайсыз. Кезінде ол тұрған үйде мемориалдық тақта да орнатылған. Бүгінде Маречек пен оның серіктерінің есімдері келмеске кеткен.

ӘЛИЕВ, ХРАПУНОВ ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚАЛАР

Бір қызығы, қазіргі заманның қуғындағы кейбір қайраткерлері де тарихи тұрғыдан "ұмытылғаны" байқалады. Мысалы, 1997-2004 жылдары

Виктор Храпунов. Сурет оның жеке сайтынан алынды.
Виктор Храпунов. Сурет оның жеке сайтынан алынды.

Алматы әкімі болған Виктор Храпунов туралы сайттан ештеңе таппайсыз. Ал жаңа сайттың баспа түріндегі бұрынғы нұсқасында ол туралы мақала болған еді. Бірақ ол кезде Храпунов елдің саяси элитасы құрамында болатын.

Өзге академиктер туралы мақалалар болғанымен, белгілі академик-хирург, Қазақстан президентінің бұрынғы құдасы Мұхтар Әлиев туралы да бір ауыз сөз жоқ. Бірақ «Алматы энциклопедиясы» сайтында соңғы жылдары Алматының Бостандық ауданы әкімдігінде лауазымды қызмет атқарып жүрген медицина ғылымдарының кандидаты Зауреш Аманжолова туралы жеке мақала бар.

Веб-порталда «Верный гербі», «Алматы гербі» деген жекелеген мақалалар бар. Бірақ советтік Алматының әйгілі апорт алмасы бейнеленген гербі туралы жеке мақала жоқ. Құрастырушылар бұл гербті "мүлде ұмытып" кеткен сияқты. Мақалада Верный гербінің суреті де жоқ.

Қаланың өткені толық қамтылмауының бір себебін тарихшылар мен өлкетанушылардың жетістіктерін толық пайдаланбаумен де түсіндіруге болады. Верный мен Алматы тарихында өзіндік мәні бар орындардың бірі - Пугасов көпірі. Оның қай жерде орналасқаны туралы нақтылық жоқ, бірақ өлкетанушылардың ол жайлы бұрын-соңды жазып жүрген материалдары бар. Бірақ «Алматы энциклопедиясы» сайтында қала шежіресінде өзіндік орны бар көпір туралы мүлде дерек жоқ.

ФАКТІЛЕРДІ БҰРМАЛАУ

Facebook желісіндегі әлеумет «Алматы энциклопедиясы» сайтындағы материалдарында фактілерге қатысты кеткен кейбір қателіктерді қазірдің өзінде көрсетіп жатыр. «Жетісу жерінде Совет үкіметін орнатушы күрескерлерге ескерткіш орнатылды» деген мақалада 1977 жыл деп қате көрсетілген. Іс жүзінде ескерткіш он жыл бұрын ашылған. Ескерткішке қатысты қатені байқағандар мақаладағы «Қазір ескерткіш жоғалып кетті» деген соңғы сөйлемге назар аударып, ескерткіштің жоғалмағанын, қазір ол Әуезов ауданындағы саябақтың бір бұрышында тұрғанын ескертеді.

Басқа деректерде 1947 жылы деп көрсетілгенгенімен, сайтта Амангелді Имановтың ескерткіші 1950 жылы ашылды деп жазылған. Екі датаның қайсысы дұрыс екенін белгісіз. Ескерткіш ашылғаны туралы газет мақаласына сілтеме жасалса, бұл проблема шешілер еді. Бірақ сайтта дерек көздерге мүлде сілтеме жасалмайды.

СУРЕТТЕР ҚАТАРЫ

«Алматы энциклопедиясы» сайтында үш мыңнан аса фотосурет жарияланған. Олардың көбі Алматы қаласы тарихы мұражайынан алынған болуы мүмкін. Ең үлкен кемшілік – фотосуреттерде жазу жоқ . Кейбірінде ғана түпнұсқасынан түскен жазулар кездеседі. Есесіне кейбір мәтіндер адамды шатастырады. Мысалы, суреттің түпнұсқасында

"Алматы энциклопедиясында" жарияланған Нұрсұлтан шыңының ескі суреті.
"Алматы энциклопедиясында" жарияланған Нұрсұлтан шыңының ескі суреті.

«Комсомол шыңы» деген жазу болғанымен, Нұрсұлтан шыңы (бұрынғы ататуы - Комсомол шыңы) туралы мақаладағы ескі фотосуреттің тура ортасында Абай шыңын үлкейтіп көрсеткен. Фотосуретте Нұрсұлтан шыңы алыстан сол жақтан көрінеді. Бірақ мұны альпинистер мен тәжірибелі туристер ғана түсіне алады.

Оқиғаларды, тұлғаларды сипаттау жағынан жұрттың бәрінің көңілінен шығатындай мінсіз құрастырылған тарихи энциклопедияны мысалға келтіру қиын. Кейде деректер идеологиялық немесе саяси себептермен қысқаруға ұшырайды. Ал кейде тарихтың толық қамтылмау себебі тарих ғылымы мен өлкетану саласының өткен заманды толық зерттеу деңгейіне әлі жетпеуімен түсіндіріледі.

Жалпы, кез келген анықтамалық басылым нақты бір ғылыми пәннің даму деңгейін көрсетеді. Алматы әкімдігі шенеуніктерінің қала тарихына сандық формат тұрғысынан алғандағы көзқарасы осындай болып шыққан.

XS
SM
MD
LG