Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданындағы 28 қарашада балалар жаппай уланған Березовка ауылында сол балалардың кемінде сегізі тағы да облыс орталығына ауруханаға түскен. Ол балалардың бірінің - 11 жастағы қыз баланың анасы Оксана Назбаеваның айтуынша, балалардың бастары айналып, жүректері айнып, талып қалған.
- Таяуда Оралдағы ауруханадан шығарған екі бала тағы жығылып қалды. Біреуін Оралға, екіншісін Ақсайға алып кетті. Менің қызым алдыңғы күні мектепте талып қалған. Аяғы ұйый береді, - дейді Оксана Назбаева.
Оралдағы балалар ауруханасына кеше сегіз бала түскенін облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматова да растады. Оның сөзінше, бұл жоспарлы сауықтыру және созылмалы ауруларды ары қарай реабилитациялау мақсатында жасалған. Ол ата-аналардың "медициналық қорытындыны бермейді" деген сөзіне қатысты ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді.
Мұнай кен орнына жақын орналасқан Березовкада қарашаның 28-інде мектепте бір күнде сабақ үстінде 20-дан астам оқушы талып құлаған. Оқушылар мен мұғалімдерді қоса алғанда 31 адам бастары айналып, денелері тырысып, ауруханаға жеткізілген. Желтоқсанның 4-інде тағы бірнеше оқушы талып құлады. Олардың да бастары айналып, денелері құрысып, жүректері айныған. Облыс прокуратурасының ақпараты бойынша, Березовка ауылында қарашаның соңында оқушылардың улануы қарсаңында Қарашығанақ кенішінен күкіртті сутек қалдықтары шығарылған.
Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, Бөрілі ауданы әкімі Марат Түсіпқалиевтің басқаруымен жедел штаб құрылған. Облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов басқаратын облыстық комиссия да құрылған. Облысқа Астанадан тергеушілер мен арнайы прокурорлар келген.