Өзбекстанда 21 желтоқсанда өткен, парламенттің төменгі палатасына депутат сайлаудың алғашқы нәтижелері белгілі болды.
Өзбекстан орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мирзо-Улуғбек Абдусаломовтың мәлімдеуінше, 18 миллион 400 мың сайлаушы дауыс берген. Бұл бүкіл сайлаушылардың 88 пайызын құрайды.
Сайлаудың алғашқы қорытындылары бойынша, парламенттегі 47 орынды - Өзбекстан либералдық-демократиялық партиясы, 28 орынды - "Миллий тикланиш" ("Ұлттық жаңғыру") демократиялық партиясы, 21 орынды - Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы, 17 орынды "Адолет" ("Әділет") социал-демократ партиясы иеленген.
Сайлауды 300-ден астам шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдар өкілдері бақылаған.
Өзбекстан парламентінің бұған дейінгі сайлауы 2009 жылы өткен еді. Ол жолы да ең көп орынды либералдық-демократиялық партия өкілдері иеленген.