Иордания әскери басшылығы әскери-әуе күштерінің бір ұшағы Сирияда атып түсірілгенін, ал ұшқышты радикалдық "Ислам мемлекеті" ұйымының содырлары қолға түсіргенін растады.
Иордания қарулы күштері таратқан мәлімдемеде "Иордания ұшқыштың қауіпсіздігі мен оның өміріне жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" ұйымы мен оның жақтастарына жүктейді" делінген.
"Ислам мемлекет" ұйымына жақтайтын сайттардың бірі иордан ұшқышының суретін, құжаттарын жариялаған. Құжаттарда қолға түскен иордандықтың 26 жастағы Муат Сафи Юсуф әл-Касасби екені көрсетілген. Содырлар ұшақты Ракка қаласы маңында атып түсіргенін айтады.
Иордания АҚШ-тың Сириядағы "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы әуе соққысын беретін коалициясы құрамына кіреді. Коалиция күштері содырларға әуе соққысын қыркүйектен бері жасап келеді.