Иордания билігі "Сирияда "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы содырларының қолына түскен ұшқышын босатып алудың барлық амалын қолданатынын" мәлімдеді.
Иорданиялық 26 жастағы Муат Касасби F-16 жойғыш ұшағымен содырларға әуеден шабуыл жасап жүрген кезінде Ракка қаласы маңына құлаған. ИМ содырлары ұшақты атып түсіріп, ұшқышты қолға түсіргенін мәлімдеген. Бірақ АҚШ содырлардың ұшақты атып түсіргенін жоққа шығарады.
Ұшқыштың әкесі журналистермен кездесуінде "бір діндеміз" деп, содырлардан ұлын босатуды сұрады. Әзірге ұшқыштың тағдыры не болғаны белгісіз.
АҚШ бастаған коалиция күштеріне тиесілі ұшақ Сирия аумағында бірінші рет құлап отыр. Осыған дейін ИМ содырлары Сирия мен Иракқа тиесілі ұшақтарды атып түсірген.