Испанияда тұтқындалған қазақ саяси эмигранты Мұратбек Кетебаевтың Алматыдағы жақтастары бүгін оны қолдап телеграмма жіберді. Кетебаев отырған Мадридтегі түрмеге жіберілген телеграммада «Мұратбек Кетебаев босатылсын!» және «Сот масқара болды» деген сөздер жазылған.
Бүгін Мадридте Кетебаевтың адвокаттары судья Фернандо Андреудің шешіміне шағым түсірмек.
Кетебаевтың әйелі Ирина Петрушованың хабарлауынша, өткен аптаның соңында телефон шалған күйеуі қант диабетіне қарсы дәрі-дәрмектерін түрме басшылығы алып қойғанын жеткізген. Петрушова аталған дертпен ауыратын Кетебаевтың қазір түрмеде қанындағы қант деңгейін өзі реттеуге тырысып жатқанын айтады. Ол қамауда отырған Мұратбек Кетебаевтың шектеусіз хат алмасуға құқығы бар дейді.
Бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің серіктерінің брі Мұратбек Кетебаевты желтоқсанның 27-сінде Мадридте полиция ұстаған. Ал желтоқсанның 28-і күні судья Фернандо Андреу Кетебаевты экстрадициялау мәселесі шешілгенше қамауға алуға санкция беріп, оны тергеу абақтысынан түрмеге ауыстырған.
Мұратбек Кетебаев 2011 жылы Мұхтар Әблязов пен оның жақын серіктерімен бірге Қазақстаннан кеткен еді. Ол 2013 жылы Польшадан босқын мәртебесін алған.
Қазақстанда Кетебаевтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына тиесілі, енді бірі – 2012 жылы «Алматыда теракті ұйымдастыруға қатысты» делінген айып. Кетебаев өзін Қазақстан билігі саяси мақсатта қуғындап отыр деп мәлімдеген.