Accessibility links

ҰҚК: ИМ видеосындағылар - Қазақстан азаматы емес


Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымы жариялаған видеода көрсетілген адамдар Қазақстан азаматы емес деп мәлімдеді. Азаттыққа жолдаған ақпаратында ҰҚК ИМ жариялаған "Ресей жансыздарын" ату жөніндегі видеоға тексеру жасағанын айтады.

"Роликте көрсетілген адамдардың Қазақстан азаматы емес екені нақты анықталды" делінген ҰҚК хабарламасында.

Қаңтардың 13-і күні әлеуметтік желіде тараған ИМ видеосында қарулы ұл баланың өздерін "Ресей тыңшысымыз, Сирияда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) пайдасына жұмыс істедік" сипаттайтын екі адамды тапаншамен атып тастағаны түсірілген. Жеті минуттық видеоның басында "тыңшымыз" деген екі адам тергеледі. Олардың бірі өзін "Жанболат Мамаев Есенжанұлымын, 1976 жылы Қазақстанның Жамбыл облысы Мерке ауданында тудым" деп таныстырады. Видео орыс тілінде түсіріліп, араб және ағылшын тілдерінде титрмен берілген.

ҰҚК бұған қоса қылмыстық кодекстің 274 бабын алға тартып, қазақстандық ақпарат құралдарын "бейресми шетелдік дереккөздерінен" алынған материалдарды қайта көшіріп басқанда немесе сілтеме беру жағына жауапкершілікпен қарауды ескерткен.

Қылмыстық кодекстің 274 бабы бойынша, "қоғамдық тәртіпті бұзатын немесе азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, мемлекет мүддесіне зиян келтіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат" таратқандарға бір жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған.​

XS
SM
MD
LG