"Алматының Бостандық аудандық №2 соты қала әкімдігі ғимаратына кіріп алып, шықпай қойған 37 жастағы тұрғын Евгений Рычковты екі айға қамауға санкция берді" деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.
Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рычковқа қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша "терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылған.
Қаңтардың 13-і күні Евгений Рычков Алматы әкімдігі ғимаратына кіріп, есікті бекітіп алып шықпай қойған еді. Ер адам өзімен бірге ішке жарылғыш зат алып кіруі мүмкін деген күдікпен әкімдік айналасы қоршалып, қызметкерлер сыртқа шығарылған. Кеңседе жалғыз өзі болып, ешқандай талап қоймаған Рычков келіссөзден соң полицияға өз еркімен берілген.
Полиция ақпараты бойынша, Рычков 2008 жылы өзіне қатысты шыққан азаматтық іс шешіміне наразылық білдірмек болған.
"Теракті туралы көрінеу жалған ақпар тарату" айыбы бойынша қылмыстық кодексте алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.