Индонезияда есірткі контрабандасы қылмысын жасаған деген айыппен өлім жазасына кесілген алты адамға үкім орындалды. Олардың арасында Бразилия, Индонезия, Малави, Нигерия, Вьетнам және Нидерланд азаматтары бар.
Өз азаматына үкімнің орындалуына наразылық танытқан Бразилия үкіметі кеңесу үшін Джакартадағы елшісін шақыртып алды. 2003 жылы Джакарта полициясы Бразилия азаматы Марко Арчер Кардосо Морейраның дельтапланына жасырылған 13 килограммнан аса кокаин тауып алған соң ол тұтқынға алынған еді. 53 жастағы Морейра мен тағы бес адамға шығарылған ату жазасы бүгін орындалды.
Бразилия билігі азаматына қатысты шетелде өлім жазасының орындалуы алғаш рет болып отырғанын айтады. Ел президенті Дилма Русеф өзін тіксінткен бұл жаза екі ел арасындағы ахуалға әсер ететінін мәлімдеген.
Нидерланд үкіметі де Джакартадағы елшісін шақыртып алған. Нидерланд сыртқы істер министрі Берт Кундерс өз елінің азаматына өлім жазасының орындалуын «адамгершілік қасиет пен өмір сүру құқығын мансұқ ету» деп сипаттаған.
Индонезия есірткі тарату қылмысын жасағандарға ең қатал жаза қолданатын елдердің бірі. Ел президенті Джоко Видодо қылмысты іс-әрекетімен «көптің өмірін» тас-талқан еткендерге ешқандай аяушылық болмайды деп мәлімдеген.