Accessibility links

The Telegraph: Литвиненконың өліміне Кремльдің қатысы бар


Александр Литвиненко. Лондон, 14 қыркүйек 2004 жыл.
Александр Литвиненко. Лондон, 14 қыркүйек 2004 жыл.

Ресей барлау қызметінің бұрынғы агенті Александр Литвиненконың өліміне негізгі күдіктілердің өзара жазысқан хаттары АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) қолына түскен және ол деректер қазаға Ресей билігінің қатысы бар екенін дәлелдейді деп жазады британдық The Telegraph басылымы бүгін шыққан санында.

«Америкалық арнайы қызметтің қолындағы деректерде Литвиненкоға у берілген кезде Лондон мен Мәскеудегі басты тұлғалардың электронды хатпен жолдаған хабарламалары бар» деп жазады басылым. Бұл деректер британ үкіметіне берілген, бірақ британ соты оларды айғақ ретінде қабылдап ала алмайды деп жазады газет.

Литвиненконың жесірі Марина АҚШ ҰҚА-не аталған хаттардың мазмұнын жариялауды сұрап өтініш жасады. Ол тың деректерді бұрынғы судья Роберт Оуэнге тапсыруды өтінген. Оуэн қаңтардың 27-і күні Лондонның жоғарғы сотында Литвиненконың өліміне қатысты басталатын сот тыңдауына төрағалық етеді.

2006 жылы күзде Лондондағы қонақүйлердің бірінде бұрын Ресей арнайы қызметінде бірге істеген әріптесімен шай ішіп, кейін полоний радиоактивті затымен уланғаны анықталған Александр Литвиненко арада үш апта өткенде ауруханада қайтыс болған. Марқұмның туыстары оны өлтіруге Кремль тапсырыс берген деп санайды. Мәскеу ондай айыпты жоққа шығарады. Өлерінің алдында Литвиненко өзіне у беруге қатысы бар деп Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған еді.

XS
SM
MD
LG