Accessibility links

БҰҰ өкілі Қазақстанды Руандамен салыстырды


БҰҰ-ның азаматтардың бейбіт жиындар өткізу және еркін жиналу құқығы мәселелері бойынша өкілі Майна Киаи Ақтау әуежайында. 25 қаңтар 2015 жыл. Фото авторы - Ғалым Ағелеуов
БҰҰ-ның азаматтардың бейбіт жиындар өткізу және еркін жиналу құқығы мәселелері бойынша өкілі Майна Киаи Ақтау әуежайында. 25 қаңтар 2015 жыл. Фото авторы - Ғалым Ағелеуов

БҰҰ-ның бейбіт жиындар мен ассоциациялар еркіндігі жөніндегі арнайы өкілі Майна Киаидың Қазақстанға сапары аяқталды. Астанадан аттанарда ол алған әсерлерімен бөлісті.

Астанада өтетін қоғамдық тыңдауға қатысуы тиіс шетелдік қонақты ішінде аймақтардан келгендері бар ондаған азаматтық белсенді, қала әкімідігіне қарасты түрлі департамент қызметкерлері таңғы сағат 10-нан бастап күтті. Майна Киаи түске қарай сөз сөйлейді деп жоспарланған. Бірақ ол белгіленген сағатта келмеді. Кейін Майна Киаи БҰҰ-ның даму бағдарламасы (ПРООН) кеңсесінің көлік жүргізушісі жолдан адасып, көп уақытын жоғалтқанын мойындады.

БҰҰ-ның арнайы өкілін күткен жұрттың алдында Зәуреш Батталова, Евгений Жовтис, Сергей Уткин сияқты оппозициялық белсенділер мен құқық қорғаушылар сөз сөйлеп, бейбіт жиындар мен шерулер өткізу құқығы бұзылған оқиғаларды айтты. Олар мұның дәлелі ретінде үлкен экраннан 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзенде наразыларды қамау мен демонстранттарға қарсы қару қолданған жайттарды көрсетті. Белсенділердің сөздерін шенеуніктер блокноттарына жазып алып отырды.

БҰҰ-ның арнайы өкілі Майна Киаи (ортада) қоғамдық тыңдауда отыр. Астана, 27 қаңтар 2015 жыл
БҰҰ-ның арнайы өкілі Майна Киаи (ортада) қоғамдық тыңдауда отыр. Астана, 27 қаңтар 2015 жыл

Ақыры қоғамдық тыңдау өтетін залға өткен аптадан бері Қазақстанның бірнеше қаласын аралаған БҰҰ-ның арнайы өкілі Майна Киаи келіп, жиналған жұрттың түрлі реакциясын тудырған бірнеше қорытынды жасады.

ҚАЗАҚСТАНҒА АЙТЫЛҒАН КЕҢЕСТЕР

Майна Киаи Қазақстан билігіне «халықтың сенімін қайтару үшін Жаңаөзен оқиғасына халықаралық тәуелсіз тексеру жүргізу керек» деп кеңес бергенін хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстан билігі 2011 жылдың желтоқсанында қайғылы оқиғаларға ұласқан елдің батысындағы мұнайшылардың көп айға созылған ереуілі жайлы шындықты жариялаудан қауіптенбеуі тиіс. Ресми болжам бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезіне 16 адам қаза тапқан.

— Жаңаөзенде оқиға құрбандарымен, олардың туыстары және жақындарымен кездестім. Олардың жүрегінде әлгі оқиға әлі күнге дейін жазылмаған жара болып қалғанын және тұрғындардың сол оқиғалардың елесін әлі көретінін ұқтым. Ереуілге шыққан кейбір мұнайшылардың сол кезде қалыптасқан жағдайға әлі күнге дейін көңілі толмайды, - деді Майна Киаи.

Оның пікірінше, Қазақстанның конституциясы азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғауға қабілетті, бірақ заңдар конституцияда бекітілген адам құқықтарын жүзеге асырмайды. Ол елдегі саяси партияларды тіркеу проблемасын қозғады.

— Қазақстан үкіметіне атқарушы билік, сот сияқты ешқандай билік органы қадағаламайтын, саяси партиялардың қызметін өздігінен реттеп отыратын тәуелсіз орган құруды ұсындым. Қазіргі жүйе жұмыс істемейді, әрі жетекші партиялармен бәсекеге түскісі келетін партияларға әділетсіздік танытатын жүйе, - дейді Майна Киаи.

Оның айтуынша, «президенті соңғы сайлауда 95,5 пайыз дауыс алған елде мұндай проблема болмауы тиіс».

— Бұл – әлемнің өзге елдерімен салыстыруға да келмейтін өте жоғары деңгей. Бұл көрсеткіш жағынан екінші орында - президенті 95 пайыз дауыс алған Руанда елі, - дейді Майна Киаи.

Қазақстан үкіметіне атқарушы билік, сот сияқты ешқандай билік органы қадағаламайтын, саяси партиялардың қызметін өздігінен реттеп отыратын тәуелсіз орган құруды ұсындым.

Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлеймен БҰҰ-ның арнайы өкіліне бұл салыстыруы үшін алғыс айтып, «Қазақстан сынды дұрыс қабылдайды» деді.

БҰҰ-ның арнайы өкілі үкіметке бейбіт жиындар мен шерулер өткізу туралы заңды қайта қарау туралы кеңес бергенін айтты. Оның сөзінше, «Қазақстанда бұл құқықты биліктен өтініп сұрап алатын жағдай қалыптасқан». Оның дерегінше, соңғы үш жылда Қазақстанда өткен бейбіт жиындардың бәрін билік рұқсат берудің орнына, заңсыз жиындар деп санаған.

— Бұл жағынан заң жұмыс істемейді. Адамдар заңды орындаудың орнына бұзуға бейім, демек ондай заң тиімсіз деген сөз. 23 жылда талай табысқа жеткен Қазақстан сияқты елде бұлай болмауы тиіс. Қазақстан үкіметі бұл заңды қайта қарау қажет екенін мойындайды, - деді Майна Киаи.

Оның пікірінше, Қазақстан азаматтары үкіметті жұрт күткен оң өзгерістерге итермелей түсуі тиіс.

Қазақстанда өткен аптадан бері жүрген БҰҰ арнайы өкілі Қазақстанның бірнеше қаласын аралап, азаматтық белсенділер, билік өкілдері және кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Майна Киаи сапарының қорытындысы бойынша биыл маусым айында Қазақстандағы бейбіт жиындар өткізу еркіндігі ахуалына қатысты есеп беруі тиіс.

Бүгін Астанада өткен қоғамдық тыңдауды құқық қорғаушылардың қауіпсіздігі мен оларды қорғау мәселелері жөніндегі коалиция, «Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор» қауымдастығы, «Парламентаризмді дамыту қоры» және «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қоры ұйымдастырған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG