Иран ақпарат құралдары Түркіменстан әскери кемелері ирандық балық аулайтын қайықты атқылап, суға батырып жібергенін, қайықтағы балықшылардың бірі қаза тапқанын хабарлады.
Tehran Times агенттігі ақпанның бірі күні таратқан хабарында оқиға желтоқсан айында болғаны, Түркіменстанның әскери кемелері Каспий теңізінде балықшылар мінген қайыққа ескертусіз оқ атқаны айтылған.
IRNA агенттігі түркімен шекарашылары аман қалған ирандық балықшыларды қамауға алғанын, содан бері балықшылардың тағдыры туралы нақты ақпарат жоғын хабарлады.
IRNA бұл оқиғаны "дипломатиялық нормаларға жатпайтын және халықаралық заңдарды бұзу" деп сипаттаған. Ал Iran Daily агенттігі оқ атуды "халықаралық конвенцияларға қайшы" дейді.
Иран мен Түркіменстан арасында мұндай оқиғалар сирек болады.
Каспий теңізі жағалауында орналасқан бес ел - Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Иран және Түркіменстан арасында теңіз мәртебесі мен оның шекасына қатысты мәселе әлі күнге шешілмеген.
Каспий теңізі арқылы Ауғанстаннан шығатын есірткі де тасымалданады. Соңғы жылдары Каспий теңізі маңындағы бес мемлекет өздерінің әскери-теңіз күштерін күшейтуге кіріскен.